26-03-21 | 08:53
Алматы облысында 50 миллион теңгеге жөнделген жол шұрық-тесікке айналды.
Алматы облысында 50 миллион теңгеге жөнделген жол шұрық-тесікке айналды

Иә, Алматы облысына қарасты Ескелді ауданында былтыр ғана қыруар қаржыға жөнделген жол  жарамсыз болып қалды. Бар-жоғы екі шақырымға да жетпейтін жолға 50 млн теңгеге жуық қаржы шығындалған.

Бұл туралы «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты жергілікті әкімдік дерегін негізге ала отырып хабарлайды.

Анықталғандай, сорақы жағдай аталған ауданның Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Матай Байысов ауылында тіркеліп отыр. Ең сорақысы сол –  тесігінен айналып өтудің өзі мұң болған көше Күләш Байсейітова атында.

Бәлкім, мердігер компания атақты Байсейітова атындағы көшені жөндеу қымбатқа түседі деп «қиылып» сұрады ма екен, бір тапсырысқа екі бірдей келісімшарт жасасқан.
Дәлірек айтқанда, әуелгі келісімшарт бойынша 42 млн 179 мың теңге қарастырылса, кейіннен қосымша келісім шартпен тағы 7 млн 256 млн теңге бөлінген.

Алайда қос бірдей келісімшартпен 50 миллионға жуық қаржыны «игерген» «Жетісу Жол Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктігі білдей бір ауданды ұятқа қалдырды. Екі жылға сапасына жауапты болған екі шақырымға жетпейтін жолдың сапасыз екенін әкімдік те мойындап отыр.

«Келесі аптада жолды қайта қалпына келтіру басталады. Өйткені, күн енді жылынып келеді. Көшенің жолын жасаған мердігер компаниямен келісімшарт болғандықтан, олар жолдың сапасына 2 жылға дейін жауапты», – деп мәлімдеді Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.