17-02-21 | 17:00
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі кинокешен салынады.
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі кинокешен салынады

Алматы облысында Жетісу жерінің өз Голливуды құрылмақ. Аталған мақсат аясында 15 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Бұл туралы аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ халық алдындағы есебінде режиссер Ақан САТАЕВТЫҢ сауалына орай айтты, – деп хабарлайды Arasha.kz ақпараттық-құқықтық сайты.

Ақан Сатаевтың пікірінше, отандық фильмдердің 80% Алматы облысының аумағында түсіріледі.

«Бұл жолы да сізге Қапшағай су қоймасының жағасында кинопавильонды жүзеге асыру ұсынысымен жүгінгім келеді. Халықаралық кинофестивальдерді ұйымдастыруда тәжірибесі мол Киностудия 2021 жылы сіздермен бірге «Түркі елдері кинофестивалін» өткізуді ұсынды. Алдағы шара Алматы облысы мен Талдықорған қаласының мәдени тұрғыда мәртебесін көтеріп, туризм мен кино өнерін дамыту үшін жақсы алаң болады», – деді режиссер.

Ақан Қарғамбайұлының уәжін мұқият тыңдаған Амандық Баталов бұл бастаманы қолдап, жуық арада Алматы облысының өз Голливуды болады деп уәде берді.

«Жетісу өзінің көрікті жерлерімен әрдайым танымал болған. Жақында маған «Қазақфильм» Болливудпен бірге ортақ жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғаны туралы хабарлады. Оның аясында Алматы облысының аумағында әлемдік деңгейдегі кинопавильон салынады.Әлемдік киноматография өкілдері Жетісу киноиндустриясын ілгерілетсе, мен қуанар едім. Менің тарапымнан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Біз осы саланы дамыту жолында барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Бізде таулар, шексіз дала, шөлдер, көлдер мен өзендер бар. Осы сұлулықтың барлығын біз бүкіл әлемге көрсетіп, насихаттауымыз керек», – деді өңір басшысы.

Нәсихаттау демекші, Жетісу жерінде осыған дейін де біраз көркем туындылар жарыққа шыққан. Олардың арасында танымал режиссерлердің «Томирис», «Жау жүрек мың бала», «Көшпенділер» және т.б. кинокартиналары бар. Сонымен қатар, шетелдік шығармашыл топтар да Жетісу өлкесінің сұлулығын өз бейнеклиптеріне таңдағаны белгілі.
Осы ретте, облыс әкімі бұл жобаның жас режиссерлер үшін де пайдасы мол екенін алға тартты.

«Соңғы бірнеше жылда Жетісуда түрлі фильмдер мен сериалдар жиі түсіріле бастады. Дарынды балалар «О, Ләйлә», «Welcome to Zhetysu», «I love Taldykorgan» картиналарын, «Ілияс Жансүгіров» пен «Барлыбек Сыртанов» туралы деректі фильмдерді түсірді. Болашақта біздің жас режиссерлеріміз киноиндустрияның танымал мэтрлерінен тәжірибе алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын»,- деді Амандық Баталов.

Осылайша, облыста аталған алып кинокешенінің құрылуы жетісулықтардың жұмысқа орналасуына да оң әсерін тигізбек. Нәтижесінде 15 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылып, жергілікті тұрғындар үшін 100 жаңа жұмыс орны құрылмақ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.