02-11-23 |
23690 рет қаралған
Алматыда тағы бір экшн-фильмінің тұсаукесері өтті.
Алматыда тағы бір экшн-фильмінің тұсаукесері өтті

Отандық кино индустрия тағы бір туындымен толықты. Алматыда «Burkit» деп аталатын экшн-фильмінің тұсаукесері өтті.

Жаңа фильм Ұлттық ұланның құрамына кіретін арнайы жасақтың қиын да қауіпті қызметіне арналған. Картина еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» көмегімен түсірілді.

Туынды желісіне арнайы жасақта қызмет ететін үш жауынгердің достығы арқау болған. Олардың күнделікті міндеті – қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру. Сондай қылмыстық топқа қарсы текетірестің бірінде үш жауынгердің достығы сыналады.

Жауынгерлер арасында күрең берет деген өздерінің арнайы атағы бар. Қазақстан бойынша осы жылдары тек қана 200 әскерде жүрген азаматтар сол күрең беретті алған екен. Солардың өмірі күнделікті қалай шыңдалатындығы, қалай өздерінің қызметін атқаратындығы жайында бүге шігесіне дейін көрсетілді – дейді «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

«Burkit» режиссер Данияр Ибрагимовтың дебюттік фильмі. Ол бұған дейін отандық «Алтыншы пост» және «Қазбат» әскери экшн-фильмдерінің продюсері болған.

Фильмнің түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника мен авиация, сондай-ақ екі жүзден астам мерзімді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген. Түсірілім Алматы облысының көрікті жерлерінде, Есік таулары мен Іле өзенінде өтті.

Көркем фильмде ҚР-ның арнайы мақсаттағы қызмет қызметкерлерінің күнделікті орындап отырған жұмысы әскери достығы мен қарым- қатынастары және қазіргі таңдағы еліміздің атқарып отырған қызметшілеріне арналған көркем фильм – дейді ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов.

Актерлық құрам түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік қимылдарды үйренді. Тіпті басты кейіпкерлерге бір мезетте 3 мың метр биіктіктен тікұшақтан парашютпен секіруге тура келді. Ал бұл кадрды түсіру үшін операторлардың өздері де парашютпен секірген.

Осы фильмде менің атым Феникс. Осы фильмде өте қиын түсірілім болды негізі. Сарбаздың киімі өте ауыр. 50 кг. Басқа тартатын шлем 15 кг болды – дейді актёр Санжар Мәди.

Фильмнің қоюшы операторы Азамат Дулатов, продюсері және әскери кеңесшісі отставкадағы полковник Камал Жақсылықов. Басты рольдерде Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды ойнайды.

Туынды кинокартинаның кейіпкерлері арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, достық пен патриотизмді, әскери антқа және қызметтік міндетке деген адалдықты дәріптейді. Фильмді кинотеатрлардан көруге болады.

24.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.