arasha.kz

Депутаттар Алматының 2022 жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау жөніндегі жобасын қолдады

Мемлекет басшысының Алматыны қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау бойынша қала мәслихатының XVI сессиясы өтті. Нақтылау өткен жылдан 48,9 млрд теңге сомасындағы қолда бар бос қаржы қалдықтары есебінен жүргізілуде.

Отырыс барысында қала әкімі Ерболат Досаев бұл қаржы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыруға бағытталатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін тіркелген 1201 өтінімнен 1 009 бизнес субъектісіне 3,774 млрд теңгенің залалы өтелді, шығынның барлық түрлері бойынша (жылжымайтын және жылжымалы мүлік, жабдық) 10 млн. теңгеге дейін төлемдерді жеделдету және оңайлату үшін әкімдіктің бастамасы бойынша ел Үкіметі мүліктік шығынды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Өтінімдерді қарау мерзімі 1 айдан 2 аптаға дейін қысқартылды. Әкімдіктің бағалауы бойынша, осы өзгерістерді ескере отырып, төлемдерді қамту 2022 жылғы 10 наурызға қарай 90% – ға жетеді.

Шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында бизнесті қолдау бойынша қосымша шаралар пакеті дайындалды.

Мәселен, «Даму» Қорымен бірлесіп іске асырылатын «Almaty Business» өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджет қаражатынан тепе-теңдік негізде «1-ден 1-ге» қосымша 750 млн теңге бөлу ұсынылады. Оның жалпы сомасы 10 млрд теңгеге жетеді. Бөлінген қаржы есебінен, бірінші кезекте, іскерлік белсенділігі төмен аудандардың аумағында кемінде 50 жаңа жоба іске асырылады деп күтілуде. Бұлар – Алатау, Наурызбай, Жетісу және Түрксіб аудандары. Бұл аудандарда мөлшерлеме 5%, ал қалған аудандарда – 7% құрайды.

Президент Қ.К. Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында мемлекеттік мектептерде ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен ағымдағы жылдың соңына дейін (4 ай) қосымша 5,3 млрд теңге бөлу ұсынылады.

Балалардың спорт секцияларына қолжетімділігі үшін спорт үйірмелерін қаржыландыру 1,5 млрд теңгеден 3,2 млрд теңгеге дейін едәуір ұлғаяды.

Оқушы орындарының тапшылығын төмендету мақсатында 46 орта білім беру объектісінің құрылысы жалғасатын болады, оның 22-сі ағымдағы жылы (14 245 оқушы орнына) пайдалануға беріледі. Бостандық, Әуезов, Алмалы, Жетісу аудандарындағы мектептерге жапсарлас 5 ғимараттың құрылысын аяқтауға қосымша 1,8 млрд теңге бөлу ұсынылады.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында жұмыспен қамту бағдарламасын қаржыландыру жалғасуда. Мүгедектер үшін әлеуметтік жұмыс орындарына қаржы қарастыру жоспарлануда .

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 7 орталықтың үздіксіз жұмыс істеуі үшін 128,5 млн теңге сомасына медициналық және тұрмыстық жабдықтар сатып алу жоспарлануда.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй заемы арқылы бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша қаржыландыру 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды, оған 500 млн. теңге қарастырылуда. Осы сертификаттарды алушылардың тізбесіне 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім балалар және ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді.

Ағымдағы жылы Жас Қанат, Алатау және Айнабұлақ-2 шағын аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДСК) құрылысын аяқтау жоспарлануда. Түрксіб ауданының балаларын дене шынықтырумен және спортпен көбірек қамту үшін жаңа ДСК жобалау және «Авиатор» стадионын бір мезгілде қайта жаңарту басталды.

24 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету мақсатында Кеңсай саяжай алабында сумен жабдықтау желілерін жобалау және салу, су резервуарлары мен су құбыры желілерінің, сондай-ақ «Думан» шағын ауданында жалпы сомасы 320 млн теңге болатын сорғы станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда.

Бұрын әл-Фараби даңғылын (ШААЖ-нан Саин көшесіне дейін) орташа жөндеуге жоспарланған қаражат Тастыбұлақ шағын ауданының ұзындығы 8,6 км, 14 аумақ шағын ауданының ұзындығы 15,6 км және Шаңырақ-1 шағын ауданындағы Өтемісов көшесінің ұзындығы 3,9 км болатын жолдарын жөндеуге және салуға бағытталатын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаланың құқық қорғау органдары мен Азаматтық қорғанысының материалдық-техникалық базасы қалпына келтіріліп қана қоймай, нығайтылатын болады. Қосымша әлеуметтік нысандар мен адамдар көп жиналатын орындарда 3050 сыртқы бақылау камерасын қосу жоспарлануда.

Отырыс барысында жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру үшін мәслихат Алматы қаласын басқарудың жаңа құрылымының жобасын, сондай-ақ қаланың ағымдағы қызметіне қатысты басқа да мәселелерді бекітті.

Exit mobile version