Алматының бұрынғы бас санитарлық дәрігері Айзат Молдақасымова жаңа қызметке тағайындалды. Басы даудан арылмаған бикеш енді Алматыдағы №27 қалалық емхананы басқарады. Молдақасымованың тағайындалуына қатысты қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев фейсбукте өз пікірін білдірді. «Мен бұл жағдайда не айтарымды білмей отырмын. Молдақасымованы құттықтаймын ба, әлде №27-ші емхананың ұжымы мен оған тіркелген халыққа аяушылық білдіремін бе?», – деді ол. Көнеев әріптесіне қатысты мынандай фактілерді тізбектеп жазды. «Молдақасымованың қабілеттерін естеріңізге саламын: қатардағы дәрігерден 1000 АҚШ доллары көлемінде ақша бопсалау, оның күдікті схемалары бойынша жұмыс істеуден бас тартқан тәжірибелі санитарларды қудалау, Алматыдағы балаларға арналған тіс емханасын жекешелендіру, вакцинаны 3000-нан 45 000 теңгеге дейін қымбаттау үшін менингит төңірегінде жасанды дүрбелең тудыру…»
Естеріңізге сала кетейік, Айзат Молдақасымова осыдан 1,5 ай бұрын Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ұлттық орталығының басшысы қызметінен босатылған болатын.