Алматыда 1 мен 4 қазан аралығында праймериздің дауыс беру науқаны өтті. Қала бойынша дауыстың 73% веб-портал, мобильді қосымша арқылы берілсе, қалғаны сайлау учаскелері арқылы жүзеге асырылды. Партияішілік іріктеуге барлығы 233 кандидат тіркелсе, дауыс беруге партияның 43 008 мүшесі қатысты. arasha.kz порталы праймеризде топ бастап тұрған азаматтар несімен танымал деген сауалға жауап іздеп көрді.
Нұрымбек Тау
Алатау ауданы
40 жаста
«ДокоМоторс» ЖШС басшысы, «Nur Otan» партиясының мүшесі, қоғам белсендісі, меценат. Халық оны көптеген қоғамдық және қайырымдылық істердің бас қасында жүрген азамат ретінде таниды. Праймеризге қарны тоқ, қайырымдылық іспен айналысатын, тапқан табысын халқымен бөлісетін бизнесмендерді көбірек тарту керек деп санайды. Пандемия кезінде өз компаниясынан ауа концентраттарын сатып алуға қомақты қаржы бөлді. Басқаларға да ұран тастап осы істі қолдауға шақырды. Медициналық мекемелерді 20 күннің ішінде 4 мың дана ауа концентраттарымен қамтамасыз етті. Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала және кәсіпкерлікке қатысты батыл шешімдер ұсынды.
Мәди Ахметов
Алмалы ауданы
24 жаста
«Jas Otan» жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы, қоғам белсендісі. Мәди Әбілаұлы студенттік жастан бастап ҚазҰУ-нің қоғамдық өміріне белсене араласты. 2016 жылы Алматы қаласы Алатау ауданы белсенділерінің координаторы, 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиадада бес жүз еріктінің үйлестірушісі болды. 2017 жылдың наурыз айынан бастап Мәди Ахметов «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы болып тағайындалды. Жұмыс барысында жастар ұйымының жұмысына жаңа серпін берді, жоғары ұйымдастырушылық және басқару қабілеттерін көрсетті. Сайлауалды бағдарламасы Алматының әрбір жас азаматы үшін өзекті бес бағытқа негізделген. Ол салауатты өмір салты және бос уақытты тиімді өткізу, жұмыспен қамту, қолжетімді баспана мен жас отбасыларды қолдау, сапалы білім, азаматтық белсенділік пен волонтерлықты қолдау.
Мұхтар Зүлеев
Бостандық ауданы
38 жаста
«Good Food KZ» ЖШС директоры, қоғам белсендісі. Қаладағы қоғамдық, әлеуметтік, мәдени іс-шаралардың демеушісі. Коронавирус індеті кезінде көпбалалы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетті. «Nur Otan» партиясына мүше болып көптеген қайырымдылық істерге белсене қатысты. Сайлауалды бағдарламасында мәслихатты қаланың проблемаларын талқылайтын еркін алаңға айналдырамын деген жоспар құрып отыр. Қажет болған жағдайда мәслихат деңгейінде онлайн петициялар ұйымдастырамыз дейді.
Әсел Құрманбек
Жетісу ауданы
33 жаста
«Ali Partners» ЖШС, «Green Works» ЖШС құрылтайшысы, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі. Мемлекеттік мекемелер мен қаржы ұйымдарындағы тәжірибесі мол. 2019 жылдан бастап әйелдерді бизнеске тарту жобасын жүзеге асырып келеді. Оларға ақпараттық-білім тұрғысында қолдау жасаумен айналысады. Сайлауалды бағдарламасында әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті белсенді дамытуды көздеп отыр.
Праймеризге қатысқан кейбір кандидаттар, тіптен қазіргі мәслихат депутаттары өтпей қалғандықтарын айтып реніж білдіріп жатқан көрінеді. Дегенмен, «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы өкілдерінің мәлімдеуінше, олардың барлығына бірдей мүмкіндік берілген. Үгіт-насихат жұмыстары кезінде 150 мыңнан астам адамның қатысуымен 4 мыңға жуық шара өткізілді.
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
26.12.2024
-
25.12.2024