arasha.kz

«Қарға қарғаның көзін шұқымайды»

Алматы қаласындағы тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін және сапасын бақылау департаменті комиссияның оңды шешімі үшін өз қызметкерлерінен ақша жинаған. Ведомствоға қарасты Алмалы, Жетісу, Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы басқармалар әрбір адамнан 10 мың теңгеден алған. Ал, департаментке бір мекеме 200 доллардан тапсырыпты. Қаражат ведомствоға ішкі аудит жүргізген инспекторға берілген. Бұл жайында бүгін қоғам белсендісі Қайырғали Көнеев фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді. Ол фактілерді қағаз бетіне түсіріп денсаулық сақтау және қаржы министрлігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдаған. Осыдан кейін тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін және сапасын бақылау департаментіне бірнеше рет тексеру жүргізілді. Бірақ қоғам белсендісі бұл шарадан шеттетілген және комиссиясының алдыңғы шешімі өзгеріссіз қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Біз Алматыға барып әрбір аумақтық басқармаға тексеру жүргіздік. Қызметкерлер анонимді анкета толтырды. Заңсыз ақша жинау фактілері расталған жоқ», – деген жауап қайтарды. Бүгін «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп тағы бір пост жазған Қайырғали Көнеев енді ҚР Бас прокуратурасына шағымданбақшы.

Exit mobile version