03-10-18 | 18:00
Алматыда бұрынғы НКВД ғимаратын жекеге беруге қарсылық танытты.
Алматыда қазанның 3-і күні ондаған қала тұрғыны бұрынғы НКВД ғимараты орналасқан Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысына жиналды. Бұл ғимараттың тарихи маңызы бар екенін айтқан тұрғындар оның жекеменшік қолына өткеніне наразылық білдірді. 

– Мысалы, “Сайран” авто бекетін “тарихи ғимарат” дейді, қаладағы қаншама көпестердің үйін “тарихи ескерткіш” деп жатыр. Ал қазақ тарихында ерекше орын алатын, бүкіл қазақтың басына түскен ойранның ордасы болған ғимаратты аламыз да қонақүй салуға береміз. Мұны қалай түсінуге болады? – деді республикалық ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары қоғамдық ұйымының төрағасы Жұмабек Ашуұлы. 

Бұл ғимаратың ішінде 2003 жылы тарихи мұражай болған. Екі жылдан кейін мұражай жабылып, ғимарат жекеменшікке өткен. Жиналғандардың айтуынша, сол уақыттан бері ғимараттағы кабинеттер жалға беріліп келген. “Былтыр ғимаратты сатып алған кезекті компания мұнда қонақүй салуды жоспарлап, ішінде қайта жөндеу жұмыстарын бастады” дейді наразылар.

Жиналғандар Қазақстан  президенті әкімшілгіне, парламент, үкімет пен Алматы қаласы әкімдігіне үндеу хат жазып, оған келген отыздан аса адам қол қойып кетіп жатты. Жиналғандардан бес-алты адам ғимаратта қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылармен сөйлеспек болып еді, қаңылтыр қоршаудың ішіндегі күзетшілер есікті ашпай қойды. Журналистерге де ешқандай комментарий бермеді. Ал Алматы қаласының әкімдігі Азаттықтың бұл мәселеге қатысты жіберген сауалына әзірге жауап берген жоқ.

Фотогалерея: Алматыдағы сталиндік репрессия орындары

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk