27-07-22 |
Альмира Ғабдуллина: «Гипоксияға әкелетін себеп өте көп».
Альмира Ғабдуллина: «Гипоксияға әкелетін себеп өте көп»

Бүгінде балалардың неврологиялық белгілері бар ауруларға шалдығуы жиілеп кетті. Әсіресе, гипоксия. Статистикаға сүйенсек,  жүз адамның төртеуінде  осы дерт кездеседі. Жалпы гипоксия қауіпті ме? Асқынса, қандай сырқаттарды қоздырады, алдын алу жолдары жайында балалар неврологі Альмира Ғабдуллинаны сөзге тарттық.

– Альмира Төлеуғазықызы, қазір жаңа туған сәбилерге гипоксия диагнозы жиі қойылып жатады. Ол неден пайда болады?

– Гипоксия дегеніміз  – организмге оттегінің жетіспеушілігі. Ол мидың барлық бөліміне жағымсыз әсер етеді. Оттегі жетіспеушілігі неврологиялық бұзылыстардың пайда болуына алдын ала жағдай жасайтын жасушалардың жойылуына алып келеді. Гипоксия бала анасының ішінде жатқанда немесе босану кезінде оттегінің дұрыс бармауынан болуы мүмкін. Гипоксияға әкелетін себеп өте көп. Ең алдымен ол – жүкті әйелдің денсаулығы. Жүкті кезінде ауырған болса немесе бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулар болған жағдайда ол іштегі балаға да әсер етеді. Сонымен қатар қан аздық та (анемия) іштегі сәбиді гипоксияға шалдықтырады. Одан басқа инфекциялық аурулар да, қант диабеті де әсер етеді. Кейде жүктілік  42 аптадан асып кетсе де оттегінің жетіспеушілігіне алып келеді. Шылым шегу, алкогольдік ішімдік ішу секілді зиянды әдеттер де бала денсаулығына өз әсерін тигізеді. Бұл бала іште жатқанда пайда болатын гипоксияның себептері. Ал туғаннан кейін орын алатын гипоксия босану кезінде және бала артық салмақты болғанда туындайды. Балаға оттегінің жетіспеушілігі ағзаның барлығына әсер етеді: жүректің жұмыс істеуі, тыныс алу жүйелері нашарлайды, рефлекстер төмендейді. Сондықтан уақытында емделу керек.

– Сәбидің көзі кейде қылилануы, ұйықтап жатып шошып оянуы нерв жүйелеріне байланысты болуы мүмкін бе?

– Жаңа туған баланың көзінің қылилануы барлық жағдайда патология болып есептелмейді. Алты айға дейінгі балаларда көзінің кейде қылилануы көбіне физиологиялық жағдайдан туындайды. Өйткені нәрестелерде көру аппараттарындағы көздің қозғалуына жауап беретін нерв жүйелері толық дамымаған. Бір жасқа дейінгі аралықта көздің қылилануы ақырындап азая бастайды. Ал егер баланың көзінің алмасы орнынан қозғалмаса, онда патология болып есептеледі. Жалпы баланы өз уақытында көз дәрігеріне апарып тұру қажет. Егер көздің қылилығы генетикалық және неврологиялық тұрғысынан болса, ол алғашқы кезден бастап-ақ бірден байқалып тұрады.

– Нәрестенің жылағанда иегінің дірілдеуі неден болуы мүмкін? Кейбіреулері ми-қан тамырларының қысылуынан деп жатады. Бұл қаншалықты рас?

– Нәрестенің жылаған кезде иегінің дірілдеуі, ұйықтап жатқанда қолын сермеуін үнемі патология деуге болмайды. Мұндай белгілер баланың жүйке жүйесінің толық жетіліп дамып бітпеуінен болуы мүмкін. Ортаға икемделе бастағанда бұл белгілер де жойылады. Мидың шартты тежегіш және қозғалтқыш қызметтері бар. Жаңа туған сәбиде қозғыштық қызметі басымырақ келеді. Сырттан келген тітіркендіргіш рефлекстерге ағза тежеуіш бере алмай қалады. Баланың кейде дірілдеуі, қолын сермеп қалуы содан  болады. Ондай әрекет бала қозғалғанда немесе қол-аяғын кергенде діріл байқалуы мүмкін. Және еметін кезде астыңғы ерні қозғалады. Бұл шартты тежегіштік қызметінің дамып бітпегенін аңғартады. Сондықтан иегі кішкене дірілдей қалса, дәрі беріп емдеп немесе дәрігерге тұра жүгірудің қажеті жоқ. Баланың жүйке жүйесі толық қалыптасқанша, яғни 2-3 айға дейін мұндай жағдайлар болып тұрады.

– Балаларда қандай белгілерді байқағанда невролог маманына жүгінген дұрыс?

– Невролог дәрігеріне көбінесе баланың жиі құсуы, мазасыздық, ұйқысының бұзылуы, үш-төрт айында басын дұрыс ұстай алмаған жағдайда жүгінуге болады. Аналар көбіне баланың қол-аяғын тырысып қалуының (гипертонус) себебін сұрап келеді. Екі айға дейін мұндай жағдай физиологиялық болып саналады. Бала іште жатқанда қолдарын қысып, аяқтарын жинап, бүгіліп жатады. Мұны эмбрион позасы деп атайды. Осы қимылын бала туғаннан соң да бір-екі айға дейін сақтайды. Сәбидің жаңа өмірге тез бейімделіп кетпейтіні анық. Асқазанының барлық бөліктері толық дамымаған соң да емгеннен кейін аз мөлшерде құсуы қалыпты жағдай. Егер фонтан тәрізді қатты құсса, мазасыздық, тырысу белгісі (судороги), бас шеңберінің жылдам өсуі, үлкен еңбегінің қатты болуы тағы басқа белгілер болса, гидроцефалия ауруы болуы мүмкін. Халық арасында оны миға су жиналуы деп атайды. Арасында басқа да инфекциялық ауруларда сәби құсып жатады.  Ал аз құсса, үлкен дәреті қалыпты болса, салмақ жақсы қосып жатса, өзін жақсы сезінсе, уайымдаудың қажеті жоқ.

– Баланың ашулануы, жылауы, мазасының қашуы неврологиялық аурудың белгісі ме?

– Бала неврологиялық себептерден ғана ашуланып, мазасызданбайды. Соматикалық жағдайынан мазасы қашуы мүмкін. Мысалы, балаға анасының сүті жетпей, қарны аш болса да жылайды, мазасызданады. Балалар өте сезімтал болады. Бөлмедегі құрғақ температура да әсер етеді. Бұдан басқа жаңа туған сәбилердің іш кебуі, іш ауруы да мазалайды. Өйткені олардың асқазаны стерильді болғандықтан анасының сүтіне асқазан мен ішек жолдары әлі бейімделіп үлгермеген, содан сәбидің іші кебеді. Мазасыздануына да осы себеп. Әрине, кейде кейбір патологиялық жағдайлар да әсер етуі мүмкін. Сол себепті әр баланы жекелеп қарап, оның не мазалап, неге ашуланып, көп жылайтынын анықтай аламыз.

– Жаңа туған сәбиге қай кезде екпе салуға болмайды?

– Ең алғаш екпе БЦЖ бала туғанда салынады. Бірақ оның ішінде шала туған балаларда және неврологиялық жағдайы өте ауырларға, жоғары дәрежедегі гипоксия, туғанда мойын жарақатының ауыр болуы, кейбір инфекциялық аурулар кезінде екпе салынбайды. Мұндай кезде ем алып болған соң ғана белгілі бір уақытта екпе салынады. Жалпы, баланы бір айдан үш айына дейін невролог дәрігеріне қаратып отыру керек. Содан кейін ғана педиатр қорытынды шығарып, екпе салуға рұқсат береді.

– Жаңа туған нәрестеге қай айынан бастап массаж жасау керек?

– Сәбиге алты аптасынан бастап массаж жасау қажеттігі айтылады. Алайда әр баланың дене бітімі, ағзасы әртүрлі. Сол себептен массажды екі айынан бастап ғана алуға рұқсат етеміз. Кейде аналар жарнамаға бой алдырып, өз беттерінше балаға массаж жасатады. Дұрыс емес. Ең алдымен дәрігерге қаралып, тағайындауын алғаннан кейін ғана массаж алған жөн. Өйткені массаж да әртүрлі әдіспен жасалады.

фото: pixabay.com

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk