07-01-21 | 11:56
АМАНДЫҚТЫҢ АБАЙҒА ТАҒЗЫМ ЕТКІСІ КЕЛМЕЙ МЕ?.
АМАНДЫҚТЫҢ  АБАЙҒА ТАҒЗЫМ ЕТКІСІ КЕЛМЕЙ МЕ?

Тақырыпты дәл бұлай қоюымыздың да қоп-қою себебі бар. Неге дейсіз ғой. Абайдың 175 жылдығын әлемнің көптеген елі тойлап, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы мақала жазып тебіренгенде облыстың бас идеологі болуы тиіс Амандық БАТАЛОВТЫҢ өзі бұл шараға аса мән бермегенге ұқсайды.

 Дәлірек айтқанда, облыс орталығы – Талдықорғанда һакімге арнап бір де бір ескерткіш қойылмады.

АЙЫП: АБАЙҒА БҰЙЫРМАҒАН 100 МИЛЛИОН

«Бұлар былтыр 100 миллионға Абайдың ескерткішін саламыз деген. Ол 100 миллион теңге бөлінді. Қолдап «дұрыс болды» деп қуанғанбыз.  Бикен Римова театрының алдынан сол ақшаға үлкен ескерткіш қоямыз деген. Енді бұндай үлкен қаражатқа керемет ескерткіш тұрады ғой. Содан «ақ болды, көк болды» деп жоқ қылды аяғы»

Бұл – Талдықорған қоғамдық ұйым мүшесі – қалалық әкімдікпен бюджетті қарауға толық мүмкіндігі бар Толыбек ДАНАБЕКОВТЫҢ ашынғанда шыққан ащы дауысы.

Оның айтуынша, өткен жылы 2 желтоқсан күні қала әкімнің орынбасары Сәуле Арзанбекованың қатысуымен бюджетте игерілмеген қаражатты қайта қараған.

«Біз жылдың аяғында бюджетте игерілмеген ақшаны қайта кеп қарадық. Сол кезде бұл мәселе бойынша «100 миллионды қайтарсын» деп қойыпты. Содан кейін мен сұрақ қойдым әкімдікке. Сендер, міне, жүз миллион сұрап алдыңдар. Абай жылында. Бұл ақша не себепті қайтарылып жатыр?»  деп сұрадым», – дейді Толыбек Данабеков. 

УӘЖ: КАРАНТИН. ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАМ. ФОНТАН

Қоғамдық ұйым мүшесінің сұрағына қала әкімінің орынбасары әуелі  «карантин болды» деген пікірді айтса, сосын оған «эскиз жасаған автор қайтыс болып кетті» деген уәжді қосып айтуды ұмытпаған.  Сонымен бірге игерілмеген қомақты қаражатты келесі жылы қайта сұрап, ескерткішті сол кезде қоятындарын да айтқан.

«Енді өздерің көріп отырсыңдар, карантин кедергі болса, мынау Өскеменде не себепті карантин жоқ? Павлодарда неге карантин жоқ? Түркиядан бастап әлемнің көптеген елінде түрлі деңгейде үлкен шаралар өтті. Оларда неге карантин жоқ? Бір кісі қайтты екен деп Абайдың ескерткіші қойылмай қалуы керек пе? Бұл жерде жалғыз адам болған жоқ қой. Неге ары қарай жалғастырмады?»

«Неге?» деп отырып әкімдіктің айыбын ашқан қоғам белсендісі бұнымен тоқталған жоқ. Бұдан соң да дауға сұранған жиналыс болғанын айтады.

«Желтоқсан айының аяғында қайтадан 2021 – 2023 жылдарға арналған бюджетті қарадық. Қарасам талқылануы тиіс бюджеттің ішінде әлгі 100 миллион теңге жоқ. Сол кезде әкімнің құрылысқа жауапты орынбасары Сайлауғалы Байназаровқа мен тағы да сұрақ қойдым.  Желтоқсанның 2 жұлдызындағы Сәуле Арзанбекова  айтқан уәжіді тілге тиек етіп:  «Міне, 2023 жылға дейін ақша бөліп жатырсыздар. Сол кезде Абайдың ескерткішіне арналғанымен игерілмей қалған ақшаны қайта саламыз дегенсіздер. Бұл не себепті кірмей қалды» дедім. Сондағы әкімнің жауабы:  «ескерткіш саламыз деген жерге салуға болмайды екен. Жердің астында фонтан бар, фантанның айналасында анауысы-мынауысы бар» деп қайырды», – дейді пікір авторы.

Тоқетері Талдықорған тұрғынының жүрегін ауыртқан жайт ол – білдей бір облыс орталығында гүл шоғын қойып тағзым етер Абайдың ескерткіші жоқ. Тіпті, басқа басқа емес Абайдың 175 жылдығында ескерткішке бөлінген ақша игерілмеген.

ЖҰМБАҚ: КІМ ӨТІРІКШІ?

Бұл ретте біз Алматы облысы әкімінің идеология бойынша орынбасары Рустам ӘЛИГЕ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай облыс орталығында не себепті ескерткіш орнатылмағанын сұраған едік.

 «Ескерткіш Талдықорған қаласында дайын. Ол Абай мектебінің алдында орнатылуы керек. Ол мектептің күрделі жөндеуі бітпеді. Соған байланысты орнатылып, ашылмады» деп қысқа қайырған болатын» деп қысқа қайырған әкімнің орынбасары.

Яғни, оның айтуынша ескерткіш дайын да, орнатылатын жер – мектептің ремонты бітпеген. Дәл осы ретте, «Абай жылында бір облыс үшін Абай атындағы мектеп неге бітпей қалуы тиіс?» деп таңғалсаңыз да мейліңіз.

Гәп онда емес, гәп бақсаңыз мынада болып тұр. Рустам ӘЛИ айтқандай Талдықорған қаласында ескерткіш дайын тұрса, оған бөлінген 100 миллион не себепті игерілмей қайтарылуы тиіс болды? Әлде бұл ескерткіш әлдекімнің қалтасынан немесе ауадан сауған әлдеқандай қаражаттың есебінен дайындалған ба?

Неге мерейлі дата – Абайдың 175 жылдығына орай ескерткіштің қойылмауына байланысты сұрақтарға қала әкімдігі карантин мен кісі өлімін басты себеп етіп атаған? Әлде облыс әкімдігі дайын ескерткішті қала әкімдігі бүлдіріп алады деп тығып отырған ба?

Біз осылай «неге» деп нанарға негіз таппай отырғанда «бір өтірікті бір өтірік ашадының»кебімен тағы бір жауап келіп түсті.

Суреттен анық оқығаныңыздай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы беріп тұр бұл жауапты. Әрі бұнда Талдықорған қаласынан ескерткіш пен қоса бюст орнатылатыны айтылған.

Енді сараптап көріңіз. Облыс әкімінің орынбасары сөз бе сөз «Ескерткіш Талдықорған қаласында дайын. Ол Абай мектебінің алдында орнатылуы керек» десе, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы біздің сауалымызған орай ұсынған жауабында аталған оқу орнының алдына тек бюст орнату бойынша өтініш келіп түскенін, әрі оның комиссияда нақты келісіп қаралғанын тайға таңба басқандай айғақтап айтып тұр…

Қозыбай Құрман, arasha, Алматы облысы

P.S.

Аталған жайға байланысты еркін пікір алаңы – «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық порталы алдағы уақытта да толыққанды материал дайындайтын болады. Сонымен бірге, Абайдың мерейлі 175 жылдығында 100 миллион теңгенің жырынан аса алмаған Алматы облысы әкімдігінен жұмбақсыз да жүйелі ресми жауап күтеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk