Америка Украинаға қару сатып жатыр.
Америка Украинаға қару сатып жатыр

АҚШ шетелдік әскерді қарудандыру жұмысын жалғастырды. Америка қаруын алған Грузия (2008 жыл), Ирак (2015 жыл), Ауғанстан (2021 жыл) секілді елдердің қатарын жақын уақытта Украина толықтыратын болды. 

10 қазанда АҚШ Киев маңындағы Борисполь әуежайына Украина Қарулы күштеріне қосымша әскери көмектің алғашқы партиясын жеткізді. Бұл жалпы сомасы 60 миллион долларды құрайтын дәлдігі жоғары қару-жарақ, оқ-дәрі, радиолокациялық бақылау құралдары.

АҚШ бюджетінен 2021 жылы Украина Қарулы күштері үшін бөлінген қаражат 250 миллион доллардан сәл асады. Америкалықтар жалпы жеті жыл ішінде украиндерге әскери көмек ретінде шамамен 2 миллиард доллар жұмсады. Бұл қызметтегі 255 мың әскериге шаққанда әрқайсысы үшін жылына шамамен 1000 доллар шығынды құрап отыр.

АҚШ қорғаныс бюджетінің жобасында 2022 жыл үшін Украинаға 300 миллион доллар қарастырылған. Алайда екі жүз мыңнан астам сарбазы бар армияны заманауи үлгіде қайта қаруландыру және жасақтау он есе көп шығынды қажет ететіні анық. НАТО-ның Шығыс Еуропа елдерінде жаңа ұшақтары мен танктерінің жоқтығы да біраз жағдайдан сыр беріп отыр.

Әйтсе де жақын уақытта америкалық қару-жарақты Украинаға жеткізу белсенділігі артатын сыңайлы. 1 қыркүйекте АҚШ пен Украина әскери ынтымақтастық туралы келісімге келді. Дәл сол күні Пентагон басшысы Ллойд Остин Вашингтонда өткен кездесу барысында Украина президенті Владимир Зеленскийге танкке қарсы Javelin зымыран кешендері мен басқа да қажетті әскери техниканы жеткізуге уәде етті. Ал кейінірек The American Conservative журналы Вашингтон Украинаны НАТО мүшесі ретінде қарастырып отырғанын жазды.

Қыркүйектегі кездесу қорытындысы бойынша «Украина қорғаныс өнеркәсібі» америкалық компаниялармен ынтымақтастық туралы жалпы сомасы 2,5 миллиард долларды құрайтын үш келісімге қол қойды.

Ресей АҚШ пен НАТО-дан Донбастағы азаматтық соғыс қарсаңында тұрған және тиімсіз сыртқы саясаты салдарынан Еуропадағы жағдайды тұрақсыздандырып отырған Украинаға әскери техника жеткізуді және әскери салада қолдау көрсетуді доғаруды бірнеше рет талап етті.

Өткен жексенбіде америкалықтар Украинаға дәлдігі жоғары қару, оқ-дәрі, радиолокациялық бақылау құралдары, медициналық жабдық жеткізді. Суреттегі HMMWV броньдалған автокөліктерінің сыртқы бояуына қарағанда, Киев Ауғанстан арқылы транзитпен жеткізілген бұрын қолданылған техниканы алған болуы керек. HMMWV мүмкіндіктері мен төбесіндегі пулеметінің Еуропада оқ пен минадан қорғауға мүмкіндігі жетпейді.

Қару-жарақ саласындағы көп маман «Хамвиді» жүріп өту мүмкіндігі жоғары автомобильдер қатарына жатқызғанымен, оларды соғыс машинасы деп атамайды. Украина Қарулы күштері HMMWV бұған дейін де алған. Украиндер оның қозғалтқышы нашар екенін, фильтр мен тазалау үшін 4000-5000 километр жүріс қажет екенін, сондай-ақ қосалқы бөлшектердің тапшылығы тиісті деңгейде техникалық қызмет көрсетуді қиындататынын айтты. Украин президентінің баспасөз қызметі наурызда АҚШ 73 миллион доллар тұратын 10 дана HMMWV автокөлігін әскери-техникалық көмек ретінде тарту еткенін хабарлаған болатын. Сол кезде бұл автокөліктерді украиналық танкке қарсы зымыран кешендерімен қосымша жабдықтау жоспарланды.

Біраз бұрын «Украина қорғаныс өнеркәсібі» кәсіпорны «Раптор», «Козак», «Кугуар», «Спартан», «Шрек», «Фиона» деген атаумен әскери мақсатта қолданылатын отандық броньды автомобильдер шығаруды ұсынды. Бірақ қазіргі жағдайда миллиардтаған инвестиция салудың орнына америкалықтардан әскери-техникалық көмек алу әлдеқайда тиімді болып отыр. Вашингтон Украинаға ұсынған автомобильдер, артиллериялық радарлар мен медициналық жабдықтар үшін Киевтен сыртқы саясат бойынша қолдау күтетіні анық. Сондықтан бұл екі елдің әскери саладағы ынтымақтастығының астарында АҚШ мүддесіне қатысты үлкен жоспар жатыр.

Киевке жеткізілген дәлдігі жоғары қару-жарақтың ішінде негізгі екі түрі бар. Олар – калибрі 12,7 миллиметр Barrett M82 снайпер винтовкасы, Javelin танкке қарсы зымыран кешені және оған қажетті оқ-дәрілер.

Салмағы 15 килограмм болатын Barrett M82 бір жарым метрлі винтовкасы 1800 метр қашықтықтан нысананы көздеуге мүмкіндік береді. Алайда ресейлік калибрі 12,7 миллиметр болатын «Корд-М» снайпер винтовкасының салмағы 10 килограмм және ол 2000 метр қашықтықтан атуға арналған.

Донбастағы әскерилердің қолында Barrett M82 2015 жылы көзге түсті. Сол кезде ішкі істер министрі Арсен Аваков осы снайпер винтовкасының Ұлттық гвардия қарулануына жеткізілгенін мәлімдеді. Бірақ америкалық винтовка Barrett M82 украин халқының жағдайын оң бағытқа өзгерте алды ма? Мәселе осында.

Сол сияқты Javelin танкке қарсы зымыран кешені де 2017 жылдан бері Украина Қарулы күштерінің қатарында тұр. Ол ауыр броньді техниканы, жердегі қорғалған нысандарды, орта жылдамдықпен және биіктікте қозғалатын әуе нысандарын жоюға арналған. Оның қашықтықтағы нысанды төрт есе жақыннан көруге арналған оптикасы түн уақытында да атыс жүргізуге мүмкіндік береді.

АҚШ мұндай қымбат әрі бағалы техниканы басқа елге тегіннен-тегін беруі екіталай. Сондықтан бұл «сыйдың» қайтарымы болатыны анық.

Украина Қарулы күштерінің қатарында 1000-ға жуық FGM-148 Javelin кешені бар. Бір «Джавелиннің» құны 125 мың доллар болса, кешенге арналған зымыран құны шамамен 40 мың долларды құрайды.

Украина қорғаныс министрлігі «АҚШ үкіметінің Украина Қарулы күштеріне қосымша әскери көмек ұсынуы екі ел арасындағы мызғымас стратегиялық ынтымақтастықтың айқын үлгісі болып отыр» деген пікір білдірді.

Расында америкалық қару-жарақтың Киевке жеткізілуі Ресей Федерациясы мен Шығыс Еуропадағы іргелес жатқан елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Себебі көрші украиндердің «қызыл сызықтан» асқан қадамы үшін Мәскеу де жауап беруі мүмкін.

 

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.