«Ақ жол» партиясы Аймағамбетовке неге шүйлігіп отыр?.
«Ақ жол» партиясы Аймағамбетовке неге шүйлігіп отыр?

«Ақ жол» депутаттары қашықтан оқыту проблемалары мен Дүниежүзілік банктің 67 млн доллар несиесін пайдалану туралы үндеуіне жауап бермеген Білім және ғылым министрлігіне наразы. Фракцияның тиісті парламенттік сұранысын бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дания Еспаева жариялады.
««Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттық фракциясы білім беру жүйесіндегі цифрландырудың қанағаттанарлықсыз жағдайына, көптеген мектептерде тұрақты интернеттің жоқтығына, цифрлық білім беру жобаларын іске асырудағы сәтсіздіктерге Білім және ғылым министрлігі мен Үкіметтің назарын бірнеше рет аударды. Білім беруді ақпараттандыру саласындағы кемшіліктер коронавирусқа байланысты төтенше жағдайлар кезеңінде ерекше ауыр болды, қашықтан оқытуға көшу кезінде бүкіл ел бойынша мыңдаған балалар сабақсыз қалды. Сонда кенеттен біздің мыңдаған ауылдар мен елді мекендерде интернеттің жоқтығы, мектептердің техникалық жабдықталмауы, шатырлар мен ағаштарға ата-аналар мен мұғалімдердің масқаралықпен өрмелеуі туралы біздің бұрынғы хабарларымыздың бәрі шындық, ал шенеуніктердің оны жоққа шығарған жауаптары өтірік болып шықты», – делінген депутаттық сауалда. «Ақ жол» депутаттары білім және ғылым министрі Аймағамбетовтің қашықтан оқыту проблемаларын жою туралы жазда берген уәдесіне қарамастан, елдің аймақтарында қалыптасқан жағдай әлі де күмән тудыратынын айтады. «Еліміздің әр түкпіріндегі сайлаушылармен кездесулерде біз бірнеше рет көпбалалы отбасылардың бір смартфонды қолданып, сабақ оқитындығына қатысты ата-аналарының шағымдарын тыңдауға мәжбүр болдық. Бірақ, онда әйтеуір, сымсыз интернет бар. Көптеген жерлерде тұрақты Интернет жоқ. Сондай-ақ, тамызда Алматыдан 24 шақырым жерде орналасқан Қаскелең қаласының ата-аналары мен мектеп оқушылары тұрақты интернеттің жоқтығын мәлімдеді. Одан да шалғай аудандар туралы не айта аламыз?», – деді депутат Дания Еспаева.
«Ақ жол» фракциясының мәліметінше, елімізде 2016 жылдан бастап білім беру жүйесіне республикалық бюджеттен 27,2 млрд.теңге сомасында трансферттер жіберіліпті. Оның ішінде 6 152 мектепке 26 317 мультимедиялық жабдықтар сатып алуға 12 миллиард теңге бөлінген. 7 160 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге 16,5 млрд.теңге қарастырылған. 7 160 мектепті цифрлық білім беру ресурстарына қосуға 4,4 млрд жіберілген. Бұған қоса, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Орта білім беруді модернизациялау» жобасын қаржыландыру үшін Дүниежүзілік Банктен 67 млн АҚШ доллары көлемінде несие алынған. Жобаға сәйкес, барлық ауылдық мектептер компьютерлермен және кеңсе техникаларымен жабдықталады деп жоспарланған. Алайда, мәселенің өзектілігіне қарамастан, бұл жоба бойынша әлі бірде-бір конкурс жарияланбаған. Техникалық сипаттамалары да жоқ. Осы фактілерді мысалға ала отырып «Ақ жол» фракциясы ведомство жұмысына тексеру жүргізуді сұрап отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.