Ақпарат министрлігі «Айбатқа» араша түсе ме?.
Ақпарат министрлігі «Айбатқа» араша түсе ме?

7 арнаның тілшісі, «Айбат» бағдарламасының арқылы танымал, журналист Данияр Әлімқұлдың телефонын полиция тәркілеп, өзінен қолхат алынғандығы жайлы жергілікті журналистер әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Әзірге Жамбыл облысының Полиция департаменті журналистке қатысты ешқандай ақпарат жариялаған жоқ.

Жергілікті журналистердің бастамасымен бүгін журналисттер Данияр Әлімқұлды қолдауға Жамбыл облысының прокуратурасының алдына жиналуда.

Жамбыл облысы прокуратурасына бара жатқан журналистер
Жамбыл облысы прокуратурасына бара жатқан журналистер

 

Әлеуметтік желіде Данияр Әлімқұлды қолдаушылар журналисттер «Жарылғаны рас. Жарған Данияр Әлімқұл емес!» деген жазбаны бөлісуде. Жазба мәтіні мынадай:

«Шұғыл! Қол жинаймыз !Жарылғаны рас. Жарған Данияр Әлімқұл емес!

Құрметті әріптестер, Жамбылдағы жарылыстың жаңғыры басылмай жатып әріптесіміз Данияр Әлімқұл әлі белгісіз себеппен тергеуге алынды. Телефоны тәркіленіп, өзінен тіс жармауға қол хат жаздырып алынған. Бізге белгілісі Даниярдың құзырлы органдарынан шақырту алғанына Байзақтағы кәсіпкердің ауласындағы снарядттарды көрсетуі себеп. Сонда егер қауіпті затты көрсең үндемей кету керек пе? Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмысты істі көрсең айналып өтуіміз керек пе? Снарядтың дүмпуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ мен жергілікті билік арасы күннен күнге алшақтап бара жатқаны, сорақысы оған жауаптылардың қыңқ демей отыруы алаңдатады. Сондықтан, бүгін сағат 15:00 де Жамбыл облыстық прокуратураның алдында әріптесімізді қолдауға шақырамыз. Жарылғаны рас. Жарған Данияр емес».
Данияр Әлімқұл
Данияр Әлімқұл
Данияр Әлімқұлдың не үшін, не себепті, қандай іс бойынша полицияға шақырылғанына ресми мәлімет әзірге жоқ.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Айбат» тілшісі Данияр Әлімқұлға  қатысты Азаттыққа берген сұхбатында министр мәселеден толық хабардар емес екенін айтып, бірақ міндетті түрде «егжей-тегжейлі қараймыз: мәселе неден туындады, не үшін оны жауапқа тартып жатқанын анықтаймыз, көмек көрсетеміз» депті.
Данияр Әлімқұл жұмыс істейтін 7 арна басшылығы да оқиғаға қатысты жария комментарий бермеді.
Өткенде 24 арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді Алатау ауданы әкімшілігінен күзетші күшпен шығарып жіберген оқиға кезінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева араша түскен еді.
Сол кездегі сөзінде министр: «Журналистердің құқығын бұзуға, олардың ресми жұмысына кедергі келтіріп, күш көрсетуге ешқашан жол берілмеуі керек. Олар өздерін қай жерде де еркін сезінуі тиіс. БАҚ өкілдері еліміздің тиісті заңнамалары мен нормативті-құқықтық актілеріне сәйкес қажетті толыққанды ақпарат алуға қай кезде де құқылы. Алдағы уақытта қай жерде болмасын, БАҚ өкілдеріне қатысты бұндай келеңсіз жағдайларға жол берілмеуі қажет» деген.
28 тамызда Данияр Әлімқұл Жамбыл облысы Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылында снарядқа ұқсас заттардың үйіліп жатқанынан тікелей эфир жасап, хабар таратқан еді.
Бұл хабарға байланысты Жамбыл облыстық полиция департаменті: «Аталған заттар туралы ақпарат 2021 жылдың 1 маусымында Байзақ ауданының полиция бөлiмiнде тiркелген. Сондай-ақ полиция және аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерiмен арнайы мамандардың қатысуы арқылы тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесiнде, бұл снарядқа ұқсас заттардың қалдықтары атуға немесе жарақат келтіруге жарамсыз екендігі және олардың Арыс қаласынан жоюға (утилизация) әкелінгені анықталып, тиісті құжаттары толығымен расталды. Бұл дерекке қатысты қылмыс құрамы орын алмаған. Аталған қалдық заттардың қоғамда ешқандай қаупі жоқ екендігін xабарлаймыз»,- деп жауап берген болатын.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.