14-09-20 | 19:59
Ақсақалов Тоқаевты аты ауыспаған ауылға апарды.
Ақсақалов Тоқаевты аты ауыспаған ауылға апарды

Қазақстан егемендігін алғаннан кейін қызыл империяның өктемдігінен тарихи атауынан айырылған жер-су аттарын қайта қалпына келтіру – басты мәселелердің біріне айналды. Жасаған қылмыстары нацизмнен кем түспейтін коммунистер мәңгүрттендіру идеологиясын жүргізіп, ұлттымызды жойып жібере жаздады.
Сондықтан тарихи әділеттілік орнатып, жер-су, ауыл-аудан, аймақ атауларын өзгертудің стратегиялық маңызы бар. Бұл мәселеге келгенде шенді-шекпенділердің өзге ұлтқа жалтақтап, шешім қабылдауға келгенде жасқаншақтық танытатыны да жасырын емес.
Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қолдаумен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған азаматтармен кездесіп, Қызылжар ауданының Чапаево ауылында оларға арнап салынған баспаналардың пилоттық жобасымен танысты. Бұл жерде айтпағымыз, мемлекет жобасы жүзеге асырылып жатқан ауылдың атауында. Қызыл империяның қанды қылышын ұстаған командирдің есімін елді мекеннен аластататын уақыт жетті емес пе? Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен аймақты оған дейін басқарған мырзалар бұл мәселеге неліктен немқұрайлы қараған? Ақорданың сайтында жарияланған ресми ақпаратта Чапаево деген сөздің көзге қораш көрінетінін түсінбей ме? Өздеріңізге белгілі, елімізде қазір жер-су атауларын өзгертуге байланысты уақытша мораторий жарияланған. Дегенмен ҚР «Ономастика туралы» Заңының қабылданғанына да бірталай уақыт өтті. Демек, жергілікті билікте ономастика жұмыстарын атқаратын мүмкіндік те, уақыт та болған. Тек бұл даулы мәселеге ешкім де жүйке жұқартқысы келмейді.
Үкіметтің қандастарымызды мемлекет тарапынан қолдап шекаралас аймақтарға көшіруі құптарлық іс. Алайда, жер-су аттарын қазақшалаудың маңыздылығы да ел іргесін, шекара шебін бекітумен бірдей.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.