23-02-21 | 12:20
АҚШ COVID-19 құрбандарын бес күн аза тұтады.
АҚШ COVID-19 құрбандарын бес күн аза тұтады

АҚШ президенті Джо Байден коронавирус дертінің құрбандарына бес күндік аза тұту күнін жариялады. Америкада COVID-19 құрбандарының саны 500 мыңнан асты.

Қауіпті дертті жұқтырғандар саны бойынша АҚШ әлем елдері арасында көш бастаған.

Президент Байден мен вице-президент Харрис дүйсенбіге қараған түні вирустың салдарынан қаза тапқандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

«Бүгін бізде өте қаралы, жанға батарлық кезең – 500 071 адам қаза болды. Пандемияның бір жылында ажал құшқан америкалықтар саны Бірінші дүниежүзілік соғысты, Екінші дүниежүзілік соғысты және Вьетнам соғысын қоса алғандағы санға қарағанда – көп», – деді Байден.

Джо Байден марқұмдарды аза тұтып, мемлекеттік туды бес күнге түсіруге шақырды.

Ақүйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің мәліметінше, АҚШ басшысы алдағы 5 күнде федералды және әскери нысандарда мемлекеттік ту түсірілген күйі тұруын тапсырды.

Джонс Хопкинс Университетінің хабарлауынша, АҚШ-та 500 071 науқас коронавирустан қаза болған, осылайша әлемде көш бастап тұр: COVID-19-дан болған өлім-жітім санының 19 пайызға жуығы Америка құрама Штаттарына тиесілі.

АҚШ-та коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 28 миллионнан асады.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk