Ақтөбеде оффлайн оқуға қарсы ата-аналар шу шығарды.
Ақтөбеде оффлайн оқуға қарсы ата-аналар шу шығарды

Ақтөбелік ата-аналар балалардың мектепке барып оқуына қарсы. Оқу жылының аяқталуына екі апта қалғанда сабақтың дәстүрлі форматқа ауысқанына қарсы шыққандар қол жинап, арыз жазып жатыр.

Ата-аналар пандемия кезінде балалар індет жұқтырып алса кім жауап береді деп алаңдаулы.

«Соңғы тоқсанның аяқталуына небары екі-ақ апта қалды. Менің баламның сыныбындағылардың жартысы «оффлайн оқуға» қарсы. Жалғыз біз емес, басқа бес-алты кластың ата-аналары директорға қол қойып, хат апарды. Тіпті, бүтін бір сынып дәстүрлі оқудан бас тартып жатқандар бар»,- дейді ата-ана Карина Рақышева.

Білім басқармасы ата-аналардың ұсынысы қаралып жатқанын жеткізді.

Қазір облыстағы 244 мектепте оқу бұрынғыдай жалғасып жатыр. Ал 161 мектепте оқу аралас форматта жүреді.

«Бірінші ауысымда оқитын оқушыларымыздың 90 пайыздан астамы мектепте отырғанына қарап, бұл форматты жақтап отырған ата-аналардың да көп екендігін білеміз. Тек бір ғана мәселе, қазіргі таңда бір сыныпты екіге бөліп оқыта алмаймыз. Оған мүмкіндік жоқ. Сол себепті, егер кластағы 100 пайыз оқушы онлайн форматты таңдайтын болса, біз онлайн оқытамыз қалған оқу бөлігін»,- дейді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Айта кетейік, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен 30-сәуірден бастап, Ақтөбе індеттің таралуы жағынан сары аймаққа өткен болатын. Соған сәйкес, оқушы саны 300-ден аспайтын білім беру ошақтарында дәстүрлі білім беру жалғасты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.