09-12-20 | 12:40
Ақтөбеде темір қорада тұрып жатқан 22 отбасы Оңдасыновты қонаққа шақырады.
Ақтөбеде темір қорада тұрып жатқан 22 отбасы Оңдасыновты қонаққа шақырады

Ақтөбе қаласында 22 отбасы темір қорада тұрып жатыр. Бұл – бұрынғы Қарғалы ауылы, қазір Ақтөбе қаласының аумағына кіреді. Бұл туралы блогер Азамат Ерғали жазады.

Темір қорада 22 отбасы 77 адам тұрады екен. Блогер түсірген видеодан адамдардың адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқанын көруге болады. 22 үйге жылыту үшін 22 газ баллоны қойылған. Электро жүйелері ашық, қалай болса солай тартылған. Ыстық су, дәретхана атымен жоқ. Тұрғындардың көбі жұмыссыз адамдар.

Тұрғындар темір қора атап кеткен жер 25 жыл бұрын геологтар вахтамен жұмыс істеген кезде тұруға салынған. Кейін жергілікті әкімшілік оны жекешелендіріп, сатып жіберген. Құжат жүзінде темір қораның әр бөлігі жеке пәтер.

Темір қораның әр отбасы тұрып жатқан бөлігі 10-18 кв.м. Тұрғындардың сөзінше, темір қораның бір бөлмесі нарықта 850 000 мың теңге тұрады екен.

Азамат Ерғали бұл мәселе бойынша, Ақтөбе қаласының әкімі Асқар Шахаров пен облыс әкімінің орынбасары қатысқан жиын өткенін де жазады. Алайда, темір қорада тұрып жатқан 22 отбасының мәселесін кім қашан шешетіні нақты айтылмаған.

Президент Тоқаев “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жариялағанымен бұл Ақтөбеде іске аспай тұр. Әйтпесе, темір қораның тұрғыны Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинді жаңа жылда үйіне қонаққа шақырмас еді ғой. Әлде Оңдасын Оразалин “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы президент Тоқаевқа қана керек деп ойлай ма екен. Бұл іске де Тоқаев араласпаса 22 отбасын темір қорадан алып шығу облыс әкімінің қолынан келмейтін сыңайлы. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk