04-02-20 | 10:21
Ақтөбедегі есеп айы.
Ақтөбедегі есеп айы

Аймақ атаулының бәрін де әкім-қаралардың халыққа есеп беру жиыны өтіп жатыр. Өткенде Ақтөбе қаласына сапарлап барғанымда облыстағы есеп айының үстінен түстім. Облыстық басқарма басшыларының есебін естіп, жұртшылықтың сауалдардарына айтқан жауабын тыңдаудаудың сәті түсіп еді. Кейін Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен аймақтағы он екі аудан әкімінің есебін әдейілеп қарап шықтым.

Шыны керек, Алматы, Астана секілді ірі қалалардағы баспасөз республикалық маңызды оқиғаларды басты назарға алады да, аймақтар да, аудандар да не болып, не қойып жатқанынан көбіне нақты хабары болмайды. Сондықтан Ақтөбе облысы аудандарының есебін тыңдау қызық көрінді.

Әкімдер есебінде шу болып жатқан коронавирустан бастап, ауыл көшелерін жарықтандыруға дейінгі мәселе сөз болды. Аудан әкімі есебіне жұрттың тізіммен кіргізілмегені көрініп тұр. Ол жиналыстағы әкімдерге ауылдарды газдандыру, таза ауыз су, жол, көпір салу секілді жергілікті жер үшін өзекті әрі өткір мәселелерді көтерген қарапайым ауыл адамдарының сауалдарынан анық байқалып тұрды. Оразалиннің сөзіне қарағанда, аймақ 95 пайыз газбен қамтамасыз етілген екен. Бүтін бір облыс үшін жақсы көрсеткіш екені даусыз. Әрі аудандардың барлығында дерлік жолдар жаңартылып, жөндеуден өтіп жатқаны да айтылды.

Ақтөбе облысына әкім болып барғанына көп өтпеген Оңдасын Оразалин алты ай бұрын аудандарды аралап, нақты берген тапсырмаларының орындалуын әкімдерден халықтың көзінше есеп алды. Әкімдердің жауабын соң, Оразалин: «Солай ма?» деп халықтан әкім сөзінің дұрыс-бұрыстығын қайталап сұраудан танбады. Және «облыста жасалып, іске асып жатқан әр іс халықтың еңбекқорлығының, береке-бірлігінің арқасында. Сол үшін сіздерге рахмет!» деп әрбір аудан әкіміне халыққа қызмет ең басты мұрат екенін еске алып отырды.

Әлбетте, Ақтөбе облысында мәселе жоқ деуге болмайды. Республиканың әр облысында бар: жол, ауыз су, жол қатынасы, жұмыссыздық, әлеуметтік көмек алу, аурухана мен мектептердің ішінара жетіспеушілігі сынды әртарапты мәселелер бар. Мұндай шешімін күткен мәселелерді аудан әкімдерінің есебіне келген ел іркіп қалған жоқ. Облыс әкімінің алдында бар проблеманы көтеріп, құлағдар етті. Десе де аудандардағы жұрт Оразалиннің оңды істеріне де ризашылықтарын айтысып, ендігі бар мәселе де шешімін табатынына сенетіндерін аңдатты.

Ауыл-аудан тұрғындарының облыс әкіміне кіруі қиын іс. Оразалиннің өзі ауданға келіп тұрғанда оңтайлы сәтте аймақ басшысына жеке мәселелерімен кірген әр аудандағы адам қарасы да көп көрінді.

Солайша, Оразалиннің оңды істерінің алғашқы нәтижесі әр ауданнан көрініп жатқаны көргісі келген көзге көрініп-ақ тұр.

Айтпақшы, іріктеуден өтіп, президенттің кадр резервіне қабылданған жастардың ішіндегі бір қауымы Ақтөбе аймағынан шыққан азаматтар екенін де облыс әкімінің аузынан естідік. Ол аймақтан шыққан азаматтарға ризашылығын жасырмай, сол резервке кірген бірнеше азаматты жауапты қызметтерге тағайындаған екен. Мұнысы да аймаққа жан ашитын адамның әрекеті. Әр сөзінде халыққа алғыс айтып, бас иіп жүрген Оразалиннің халықшыл әкім ретіндегі ендігі ісі де ілгеріп басып, есеп айында халық көтерген мәселелер кезегімен шешімін табар деп үміттенеміз.

Өміржан Әбдіхалық, arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk