31-03-22 |
820 рет қаралған
Латынға көшеміз бе? – министр жауап берді.
Латынға көшеміз бе? – министр жауап берді

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанды қабылдады. Бір қызығы, аталған кездесуде президент пен директор латын әліпбиіне қатысты ләм-мим демеді. Бұл жағдай «Ақорда Кремльден қаймығып, латын әліпбиін жылы жауып қойды» деген күдікті күшейтті. Латын әліпбиіне қатысты сұрақты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қойған едік.

– Қаңтар көтерілісінен кейін латын әліпбиіне қатысты жиын шаралар өтпейтін болды. Жұрт арасында «Латын әліпбиіне көшуге тыйым салынды» сөздер айтылады. Жалпы латынға көшу жұмыстары жүріп жатыр ма, жоқ әлде тоқтады ма?
– Қаңтардан кейін менің деңгейімнің өзінде латын әліпбиі мен қазақ тілін дамытуға байланысты үш рет жиын өтті. Тек қана министрдің деңгейінде. Ал вице-министр, комитет және тіл білімі институтының деңгейінде бұл күнделікті күн тәртібінде тұрған сұрақтардың бірі. Сондықтан сізге берілген ақпарат дұрыс емес деп есептеймін.
Қазіргі уақытта бұл жұмыстар өз ретімен жүріп жатыр. Ғылыми ізденістер де жүріп жатыр. Сондықтан бұл жұмысты біреу тоқтатып қойды немесе шешім қабылдады деп айту дұрыс емес.
– Неге созылып кетті?
– Енді оның ғылыми реті бар ғой. Біздің инстиуттар өзінің тұжырымдамасын дайындау керек. Ол тұжырымдамалар дайындалғаннан кейін еміле-ережелер дайындалуы керек. Еміле-ережеден кейін бұл мәселені ономастикамен тұтасқанын жақсы білесіздер. Бұл терминология саласының заңдылықтарымен тығыз байланысты мәселе. Сондықтан мұны біз бүгінгі күні тек қана біржақтан қарап, тек қана латын әліпбиінің өзгеруі деп қарамауымыз керек. Біз латын әліпбиіне көшуге кеңінен қарауымыз керек. Бұл қазақ тілінің реформасы.
Бізге қазақ тілінің реформасы қажет пе? Менің ойымша, тіл қоғам өзгерісімен, жалпы экономика мен әлеуметтік саланың өзгертумен қоса өзгеруі керек. Қазір интернет пайда болды. Біз болашаққа ұмтылып «Технократтарды, ғылымды, жалпы санамызды дамытқымыз келеді» деп айтамыз ғой. Бірақ сана өзгерту үшін тілді реформаламаса тұлғаның дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл әліпбиге қатысты емес, жалпы тіл реформасына байланысты деп білемін. Ал бізде тіл реформасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Еміледен бастап, ономастика, терминологияға дейін мән беру керек. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу қарастылған.
– Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Еміле-ереже дайын, тек қана саяси шешімді күтіп отырмыз» деп айтып еді. Билік қашан шешім қабылдайды?
– Кеше мен осы бойынша кеңес өткізген кезде Анар Мұратқызы жиынға қатысты. Сонда ол кісілердің берген ақпараты бойынша, олар әлі біраз зерттеулерді жүргізіп жатыр. Бізде әліпби бойынша қоғамда бірнеше пікір қалыптасқан. Әсіресе төрт таңба бойынша сұрақтар туындап отыр. Таңба және жазу мәселесінде тиісті зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл ауқымды ғылыми жұмыстар болғандықтан біраз уақыт алады.
– Бұл сылтау емес пе? Ғалымдар бәрін шешіп қойды. Тек министрлік…
– Ғалымдар бәрін шешіп қойды деп айтуға болмайды. Әлі де алдымызда біраз жұмыстар бар. Оларға біз алдыңғы жылы үш жылға арналған арнайы ғылыми грант бердік. Осы ғылыми гранттың шеңберінде де олар жұмыс жүргізіп жатыр. Тағы да бір маңызды мәселе бізде қолданбалы интеллекті деген бар ғой. Әр түрлі құрылғыларды қазақша сөйлету және лиро-лингивистика бойынша үлкен жұмыстар жүргізуіміз керек. Сондықтан біз мұның бәрін бірге қарастырып жатырмыз.
– Соңғы ұсынылған нұсқаны 90-95 пайыз сәтті деуге болады. Халыққа ұнаған осы нұсқаны қабылдау үшін саяси шешім қашан қабылданады?
– Біздің жұмыс дайындау. Одан әрі емілені дайындау керек. Қазіргі таңда емілені дайындап жатырмыз. Ғалымдарымыз «Барлық жұмыстарды аяқтадық» деп тұжырымға келсе, тиісті шешім қабылданады.
– Сарапшылар «Ресей билігі латын әліпбиіне көшуге қарсы. Сондықтан Тоқаев латынды қабылдауға қол қоймайды» деген сөзді айтады. Бұл қаншалықты рас?
– Мен бұл ақпаратты бірінші рет естіп отырмын.
– Латын әліпбиін қабылдаудың тым ұзаққа созылып кетуіне Ресейдің қатысы бар ма?
– Мен латын әліпбиіне көшу бойынша жүмыс жүріп жатқанын айтып отырмын ғой. Ол біздің егемен ел ретіндегі өзіміздің таңдауымыз. Өзіміздің шешіміміз. Сондықтан да ол шешімге ешқандай кедергі жоқ.
– Ең соңғы рет «2023 жылдан бастап даярлық сыныптары латын әліпбиінде оқи бастайды» деген ақпарат шығып еді. Латын әліпбиіне мектептер қашан көшеді?
– Ең біріншіден ғылыми ізденістер аяқталуы керек. Қазір әлі жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін біз оны қорытындылап, тиісті шешім қабылдау үшін жіберетін боламыз. Сондықтан ғалымдарымыздың жұмысын күтейік.

Серғали Асланбек, arasha

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.