12-08-22 |
1210 рет қаралған
Жүрек аурулары жастарды жалмап жатыр.
Жүрек аурулары жастарды жалмап жатыр

Жер жүзінде денсаулық сақтау саласы қиындыққа ұшырағалы бері адамдарды алаңдатқан мәселе көбейді. Елімізде жүрек, қан-тамыр аурулары белең алған. Соңғы жылдары жастар да инсульт пен инфаркттан зардап шегетін болды. Оның сан түрлі себебі бар. Осы тұста мемлекет өзіне қандай жауапкершілік алғаны жөн? Аталған проблема жөнінде нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевпен аз-кем сұхбаттастық.

– Мыңжылқы мырза, елімізде жүрек, қан-тамыр аурулары өлім-жітімнің себепшісі ретінде бірінші орында тұр. Қазір 40 жастан асқан кісілерді инсульт пен инфаркт қаупі алаңдататын болған. Тіпті, 30-ға жетпеген жастар ұшырап жатқан көрінеді. Сіздің ойыңызша, бұған не себепші болып отыр? Қазіргі адамдардың өмір сүру салты ма, әлде жүрек аурулары бұрыннан проблемаға айналған ба?

– Қазір Қазақстанда 20 млн халық бар. Сауы бар, ауруы бар, оның үстіне коронавирус инфекциясынан кейін біраз проблемалар шықты. Энергетикалық сусындарды көп ішетін жастар бар. Сосын темекі шегетін жастар көп. Соның бәрі жүрек ауруларына алып келіп жатыр. Сондықтан 30-дан асқан жастар да инфаркт, инсульт алып жатыр. Семіздіктің, гиподинамияның салдарынан адамдарда қан қысымы өте жоғары.

– Көпшілік арасында мынандай сөз бар: «әйелдерге қарағанда ерлер инфаркттан көп қайтыс болады» екен. Бұл миф па, шындық па? Шындық болса себебі неде?

– Иә, ер кісілер инфакрттан көп қайтыс болады, өйткені олар стресті көп көтереді: темекі шегеді, үйін асырау керек, ұзақ ұйықтамай жүреді. Әйел кісілермен салыстырғанда темекі шегетін ер кісілер көп, темекі – инфарктқа, тамырдың тарылуына алып келетін үлкен проблема. Сондықтан инфаркттан ерте жаста ерлер жиі қайтыс болып кетеді.
– Былтыр «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы қабылданды. Сол жобада 2025 жылға дейін қазақстандықтардың орташа өмір сүру жасын 75 жасқа жеткізу көзделген. Дегенмен осы күні әлем елдеріне денсаулық сақтау қиындық тудырған кезеңде бұндай жетістікке жету мүмкін бе? Ол үшін ел азаматтары не істеу керек?
– COVID-тің кезінде жасы келген, яғни, 65 жастан асқан кісілер көп қайтыс болып кетті. Сондықтан қазір Қазақстанда болжамды орташа өмір сүру жасы (ожидаемая продолжительность жизни) 71 жасты құрап жатыр. Одан да жасарып кеткен шығар, өйткені қариялардың көбі коронавирустың кезінде қайтыс болды. Ел азаматтары сапалы ұзақ өмір сүру деген ұғым бар (качественное долголетие), соны қамтамасыз етуі керек. Сосын қарттарға көп көңіл бөлу керек, ол кісілердің денсаулығын сақтауға мән беру керек, медицинаға қолжетімділік болуы керек, зейнеткерлердің зейнетақысын көтеру керек, сол кезде олар ұзақ өмір сүргісі келеді.

– Қазір салауатты өмір салты жайлы көп айтылады. Адамдардың көбі мүмкіндігінше спортпен шұғылданып, диета ұстап, тағамын қадағалап жүреді. Алайда денсаулығына шағым айтушылар көп. Мүмкін бұның бәрі экологияның салдары емес пе? Денсаулыққа экология мәселесі қаншалықты әсер етеді?

– Әрине, экологияның әсері көп. Экологиядан бөлек, қазір мемлекетте және әлемде болып жатқан саяси ахуал қатты әсер етеді. Адамдар өзінен «аурумын» деп проблема іздей бастайды. Егер мемлекет сау болатын болса, онда оның азаматтары да сау болады. Сондықтан бұл жерде тек экология емес, тек спорт емес, сонымен қатар, теледидардан көрсетіп жатқан нәрселердің барлығы адамдардың денсаулығына қатты әсерін тигізеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.