29-12-22 |
590 рет қаралған
Ұлттық Банк басшысы: Экономикадағы кредит көлемі өсіп жатыр, жағдай тұрақты.
Ұлттық Банк басшысы: Экономикадағы кредит көлемі өсіп жатыр, жағдай тұрақты

Қараша айының соңында екінші деңгейлі банктердің экономиканы кредиттеуге берген сомасы 22,2 трлн теңгені құрады. Бұл туралы ҚҰБ Төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды Arasha.kz.

ҚҰБ Төрағасы атап өткендей, қазір барлық мүдделі мемлекеттік органдар экономиканың басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде берілетін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтуға қатысты ұсынылған тетіктерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бұл ретте, жалпы алғанда, қазіргі қиындықтарға қарамастан, банктер экономикаға беріп жатқан несиелер де артып келе жатқанын атап өткім келеді. Биылғы жылдың қараша айының соңында екінші деңгейдегі банктердің несие портфелі 22,2 трлн теңгені құрады. Яғни, банктер осыншама кредит берді деген сөз. Жыл басынан бергі өсім 20,1%», – деді ол.

Оның айтуынша, заңды тұлғаларға берілген несиелер де 7,3%-ға яғни 8,3 трлн теңгеге дейін, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиелер 20,7%-ға, яғни 4,5 трлн теңгеге дейін өсті.

«Демек, экономикадағы ақша айналымының қарқыны бәсеңдеген емес. Жағдай қалыпты деуге болады», – деді Ғ. Пірматов.

Г. Пірматов банктер мен Мемлекеттік кредиттік бюроның мемлекеттік деректер базасын интеграциялау жұмыстарына да тоқталды.

«Сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит беру кезінде айналым капиталына жүктеме талаптарын азайту, банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптарды жеңілдету, кредит алу рәсімдерін оңайлату сияқты біршама жеңілдік беретін уақытша, бірақ тиімді шаралар енгізілуде. Олардың барлығы 2024 жылға дейін қолданыста болады», – деді Ұлттық Банк басшысы.

Ғалымжан Пірматов сондай-ақ ҚҰБ-ның Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігімен және Қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп жүргізіп жатқан жұмысын атап өтті. Ұсынылған шараның бірі жер қойнауы мен жер пайдалану құқықтарына қатысты.

«Бұл стратегиялық нысандарды қоспағанда, тендерлерге қатысуға рұқсат беру тәртібін жою арқылы банктер мен қарыз алушыларға жүктемені азайтуды көздейді деген сөз. Яғни, банктік несиелерді алуды жеңілдетеді. Сөйтіп, нарықтық механизмдерді дамытуға үлес қосады. Сонымен қатар, мемлекеттік кепілдікпен астық қолхаттары институтын енгізу және процесті цифрландыру ұсынылды», – деп түйіндеді ол.

Айтуынша, банктерге ұзақ мерзімді несиелер беруге мүмкіндік беретін тағы бір тиімді шара – жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.