12-04-23 |
880 рет қаралған
Дайрабаев: Балаларым кінәлі емес, мәжілістен кетпеймін!.
Дайрабаев: Балаларым кінәлі емес, мәжілістен кетпеймін!

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев мәжілістің отырысында Жамбыл облысында істі болып, сот шешімімен шартты жазаға кесілген балаларына қатысты мәлімдеме жасады.

“Ардақты әріптестер! Алдымен сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Балаларыма байланысты туындаған мәселе бойынша көбіңіз депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттылық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Балаларымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше мен не үшін Мәжілістен кетуім керек? Ауыл тұрғындары, шаруалар, өзімді сайлаған “Ауыл” партиясы маған үлкен үміт артып отыр. Көптеген өткір мәселелерді қолға алып, жұмыс істеуім керек”, – деді депутат.

Бұған дейін депутат Дайрабаевтың ұлдары ауыл шаруашылығына бөлінген субсидия қаражатын жымқырған деп күдік болып танылып, сот шешімімен шартты жазаға кесілген еді.

Қылмыстық іс бойынша Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Ерлан Күлкеев, кәсіпкер Елжан Елібай және Дайрабаевтың ұлдары – Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев айыпталды.

Сот анықтағандай, айыпталушылар «Альбион» құлпынай көшеттерін сатып алу үшін мемлекеттен субсидия алып, бір бөлігін жеке қажеттілігіне жұмсаған. Мемлекетке 550 849 430 теңге шығын келтірілді.
Сот төртеуін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Осылайша Ерлан Күлкеев 6 жылға, Елжан Елібай 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Дидар Молдахалық пен Марат Дайрабаев Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, әрқайсысы шартты түрде 5 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, сот Жамбыл облысы әкімдігі қаржы басқармасының мемлекеттік шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:

Күлкеев пен Елібайдан мемлекет пайдасына – ортақ тәртіпте 167 924 830 теңге;
Күлкеев, Елібай, Дайрабаев және Молдахалықтан – ортақ тәртіпте 92 400 000 теңге;
Дайрабаев пен Молдахалықтан ортақ тәртіпте 290 524 600 теңге өндірілді.

Сот шешімі қоғамға жария болысымен, әлеуметтік желі қолданушылар Жигули Дайрабаевтың мәжіліс депутаты болуға моральдық құқы жоқ екенін айтып, депутаттық мандатын тапсыруын талап еткен. Алайда, депутат көпшіліктің талабына бүгін ғана жауап берді. Жауабы – мәжілістен кетпейін.

Бұл резонансты іс қоғам алдындағы мәжілістің моральдық келбетіне үлкен нұқсан келтірді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.