25-04-23 |
510 рет қаралған
Сот белсенділігі істің сапалы қаралуына көмектеседі.
Сот белсенділігі істің сапалы қаралуына көмектеседі

Әкімшілік  рәсімдік-процестік кодекстің  қолданысқа енгізілгеніне екі жылға жуық уақыт өтті. Бұл құқықтық құжат жеке және заңды тұлғалардың жария-құқықтық даулардағы құқығын сапалы қорғауға, мемлекеттік органдар қызметін жақсартуға, құзырлы мекемелердің халықтың талап-тілегін ескеруіне ықпал етті.

Кодекске енгізілген жаңашылдықтың бірі – соттың белсенді рөлі. Құжаттың 16-бабында көрсетілгендей, сот әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктеме, арызы, өтінішхаты, дәлел-дәйегімен және әкімшілік істің өзге де материалымен шектеліп қалмайды. Әрбір судья кодексті басшылыққа ала отырып әкімшілік істі дұрыс шешуде ерекше маңызға ие мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.

Сондай-ақ, құжатқа сәйкес судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің құқықтық пікірін алдын ала айта алады. Бұған қоса, сот енді екі тараптың уәжімен шектеліп қалмай, өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.

Судьяның өзіне берілген мұндай құзыретті тиісті пайдаланбауы немесе принципті түрде қолданбауы сот шешімінің күшін жоюға әкелуі мүмкін. Себебі әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешуге бағытталған.

Мысалы, әкімшілік сотқа жүгінген жеке тұлға аудандық тіркеу және кадастр бөліміне шағымданып, бұл мекеменің заңды тұлғаны қайта тіркеуден бас тартуға қатысты әрекетін заңсыз деп тануды сұраған. Бірақ судья істі зерделей келе талап қоюшының мемлекеттік бажды толық төлемегенін, талап қою мерзімін өткізіп алғанын анықтаған. Сондықтан, сот талап қоюшыға мемлекеттік бажды қанша көлемде және қайда төлеу қажеттігін көрсете отырып, арнайы мерзім берген. Сондай-ақ талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алатынын  және  көрсетілген кемшілік сот тарапынан берілген мерзім ішінде жойылмаса талап кері қайтарылатынын түсіндірген. Яғни, көріп тұрғанымыздай судья істі қарау барысында кодекстің 29-бабында көрсетілген талап бойынша белсенді рөл қағидатын қолданған.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 129-бабының 1-бөлігінде талап қоюшы өз мүмкіндіктеріне сәйкес дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті екені дәйектелген. Берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті. Сондықтан соттың белсенді рөлі талап қоюшыларды дәлелдеме жинаудан мүлдем босатады деген қате түсінік болмауы керек. 

Белсенді рөл қағидаты негізінде, әсіресе, жер даулары бойынша дайындық кезінде судья тарапынан жасалатын жұмыстар өте көп. Мысалы: даулы жерді  тіркеу, кадастрлық істерді, бастапқы жер беру немесе жер беруден бас тартуға  негіз болған алғашқы құжаттарды, конкурс арқылы берілген жерлер бойынша дау туындағанда, конкурсқа қатысқан тұлғаларды анықтап, сондай-ақ, конкурсқа ұсынылған барлық тұлғаның құжатын алдыртып, нәтижесі бойынша қабылдаған хаттама, дыбыс-бейне жазбаны саралап, қажет болған жағдайда жерге орналастырушы маманды іске қатыстырады. Бұл құжаттардың барлығы істі жан-жақты қарап, дұрыс шешім қабылдау үшін қажет.

 Тағы бір ескеретін жайт, соттың белсенді рөліне сәйкес судья тиісті органдардан тиісті құжаттарды алдырта алады. Соған орай әкімшілік істің қатысушысы болмаса да кез келген тұлға, мекеме сот көрсеткен мерзімде жауап беріп, сұралған құжаттарды ұсынуға міндетті. Себебі кодекстің 18-бабына сай заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті. Ал соттың бұл талаптары орындалмаған жағдайда кодекстің 127-бабында көрсетілген ақшалай өндіру қолданылуы мүмкін. 

Сот әкімшілік іс жүргізудің мақсатын жүзеге асыру барысында белсенді рөл қағидатына сай талап қоюшыға талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы. Бірақ оны дұрыс түсіну қажет. Яғни, сот міндетті емес, құқылы. Тәжірибеде, барлық істер бойынша судьялар талап қоюды жөндеуге көмектесуде, себебі өздерінің  талабы қай талаптың түріне жататынын айыра алмағандықтан, талаптың дұрыс тұжырымдап жазылмай қалатын жағдайлары да көптеп кездеседі.   

 Көптеген істер бойынша қойылған талап бойынша құқықтық салдарын түсіндіргеннен кейін, талап қоюшылар талаптарын өзгертіп немесе ұлғайтып жатады. Сондай-ақ, судья белсенді рөлі қағидатын қолданып, талап қоюшыға  немесе  оның өкіліне талаптың дұрыс қойылмағанын көрсетіп, оны өзгерту  туралы пікір білдіргенде қиындықтың кездесетінін айта кету керек. Себебі көп талап қоюшылар  ӘРПК-нің  қыр-сырын білмегендіктен, талапқа сенімсіздікпен қарап, соттың әрекетін өзін әдейі жаңылыстыру үшін жасалған қадам деп қате түсінетінін жоққа шығармаймыз. Мұндай жағдайларда судьялар оларға бірнеше рет түсіндірме жұмысын жүргізеді, олардың барлығы істі қарау мерзімінің созылуына әкеп соқтырып жатады. Ал егер азаматтар өз талабындағы қателіктерді сот айтқан уақытта  өзгертсе,  арызын берсе,  дайындық та тез аяқталып, іс бойынша түпкілікті  шешім де көп уақытқа созбай қабылданар еді. Дер кезінде шара қолданбай кеш өзгертсе, өзгерген талап бойынша жауапкерден қайта өзгерген талапқа пікір алу қажеттілігі  туындайды. Мұндай жағдайға жол бермес үшін судьялар халықтың құқықтық сауатын көтеруге барынша көңіл бөліп келеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.