31-05-23 |
1610 рет қаралған
Депутаттар «Ашаршылықты геноцид деп мойындау қажет пе?» дегенге нақты жауап бере алмайды.
Депутаттар «Ашаршылықты геноцид деп мойындау қажет пе?» дегенге нақты жауап бере алмайды

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күні өткен ғасырда репрессияға ұшыраған азаматтар еске алынады да, алапат аштық назардан тыс қалады. Тарихшылар ашаршылықты жеке-дара атап өтуге биліктің саяси ерік-жігері жетпей отырғанын айтады. Тіпті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ашаршылық құрбандарына арнап мешіттерде арнайы Құран оқымайды. Билік неге ашаршылықты ашық айтып, оны Укриана секілді геноцид ретінде мойындата алмай отыр.

Ашаршылыққа саяси баға берілу керек – Ерболат Саурықов

Мәжіліс депутаттары «Ашаршылықты геноцид деп мойындау қажет пе?» деген сұраққа нақты жауап бере алмайды. Мысалы «Ауыл» партиясы арқылы Мәжіліс депутаты болған Ерболат Саурықов геноцид деген терминнен гөрі, нәубет деген сөзді қолданғанды жөн көреді.

«Геноцид деген сөздің қазақшасы нәубет емес пе? Тарихта бұл туралы бірнеше ақпаратттар шықты. Біздің тарихшыларымыз бен жазушыларымыз «Нәубет» деген кітап шығарса, Америкалық жазушы Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала» деген кітабы шықты. Осының барлығында аштықты нәубет деп танып отыр. Ашаршылықты жан-жақты зерттеу керек. Өйткені президентіміз бұл мәселеге байланысты жеке тоқталды. Бұл күнді біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Себебі біздің ата-бабаларымыздың  қырғынға ұшырап, қуғын-сүргінге түсуіне белгілі бір деңгейде саяси мәселелер орын алды. Мен өз басым депутат ретінде нәубет деп есептер едім. Сондықтан да ашаршылыққа саяси баға берілу керек. Біріншіден, біз әлі күнге дейін саяси қуғын-сүргінге ұшырған және ашаршылықта қайтыс болған азаматтардың тізімін әлі анықтаған жоқпыз. Олардың қатарына кімдер жатады? Оларды мемлекеттік, ҰҚК немесе ТМД елдерінің архивтерінен қарауымыз керек. Халқымыздың қаншалықты геноцидке ұшырғанының салмағын анықтап, содан кейін барып, оны саяси деңгейде көтеруге болады», – дейді ол.

Қазір нақты жұмыс жүріп жатыр – Асхат Аймғамбетов

Ал «Аманат» партиясы арқылы депутат болған Асхат Аймағамбетов геноцид деген терминді тілге тиек етпеуге тырсады. Алайда ол мемлекет басшысы құрған комиссияның қыруар шаруа атқарып жатқанын бірнеше рет ескертті.

«Бұл мәселе қазіргі уақытта кеңінен зерттеліп жатыр. Репрецияға ұшыраған біздің азаматтарымызды ақтау бойынша үлкен комиссия құрылып, зерттеу жүргізіліп, қазір нақты жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысы бүгін осы мәселе бойынша арнайы Twitter-де пікір білдірді. Мемлекет басшысының позициясымен толығымен келісемін. Шын мәнінде бұл біздің тарихымыздағы өте үлкен қаралы күндердің бірі болды. Оны біз біліп, айтумыз керек. Бүгін менің білуімше мектептерде дәл осы мәселе бойынша арнайы ашық сабақтар өтіп жатыр. Өткен тарихымызды есте сақтау үшін мұндай шаралардың өткені керек.

Біздің керемет элитамыз ату жазасына кесіліп, қаралы күндер болды. Сондықтан да бұл мәселеде үлкен зерттеу жұмыстары жүріп, ақтау жұмыстары жалғасуы керек. Комиссия өзінің жұмысын жалғастырып, бір тиісті шешімді ұсынады деп санаймын. Сондықтан мұны тек қана саяси көзқараспен ғана емес, еліміздің алға жылжуы үшін пайдалы қадам ретінде қарауымыз керек», – деді ол.

Ашаршылық құрбардарына арнап 2012 жылы Астанада, 2017 жылы Алматыда ескерткіш монумент ашылды. Сондай-ақ 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссияны құрды. Осындай іс-шараларға қарамастан ашаршылық ашып айту арқылы ұлттық сананы сауықтыру бағытында бұқара халық арасында насихат жұмыстары жоқтың қасы.

Серғали Асланбек, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.