06-06-23 |
780 рет қаралған
Ораловтың Қосыбаевты алып тастау қолынан келмей ме?.
Ораловтың Қосыбаевты алып тастау қолынан келмей ме?

2020 жылдың соңында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметіне тағайындалған.

«Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы» деп аталатын мекеме бар. 2019 жылы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен құрылған. Негізгі міндеті – ұлттық деңгейде фильм түсіруге болады-ау деген жобаларды іріктеп, жарамды дегендеріне қаржылық қолдау көрсету. Жыл сайын бөлінетін қаржысы да әжептәуір. Мысалы 2023 жылға деп осы орталыққа мемлекет қаржысынан 3 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген.

Айналасы 2 жыл 6 айдың ішінде Қосыбаевтың басынан дау арылған жоқ. Айтпақшы, бұл мекемеге Қосыбаевқа дейін басшы болған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.

Сонымен, «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, Ұлттық киноны қолдау орталығы 140 жобаны өткізбей тастады. Әңгіме осы жерден басталған болатын.

Қарсы уәж айтқан режиссерлер мен продюсерлерге орталық басшысы Есетжан Қосыбаев: «Сендер түгілі Әбдіраш пен Әшімов те өтпей қалды», — деп миығынан күлген еді.

Бүгінде Ұлттық киноны қолдауға тиіс орталықтың айналасында небір әңгіме ушығып барады. Тіпті өз өтініштерін, өз ұсыныстарын айтып «Қазақфильмнің» алдына шыққан актерлер мен режиссерлерді, продюсерлерді қудалау басталғаны туралы елдің бәрі құлағдар болды.

– Анығында «Ұлттық киноны қолдау орталығы» тек оператор сияқты болуы тиіс, есепшотына түскен ақшаны тиісті компанияларға бөліп беріп, соның игерілуін қадағалау керек. Ал бұлар өз құқығын асыра пайдаланып, «өзі би, өзі қожа» болып алған – дейді режиссер Ғали Мырзашев «Жас алашқа» берген сұқбатында.

«Өзі би, өзі қожа» болған Қосыбаевтан құтыла алмаған топтың әу баста Есетжан мырзаға сенімі зор болатын. Алайда ол киногерлердің сенімін ақтай алмаған секілді.

– Орталықты басқаратын адам тікелей кино маманы не болмаса киногер болмауы керек деп ойлаймын. Ол мәдениет саласын жетік білгенімен, бейтарап адам болғаны дұрыс. Мәселен, біз хат жазған кезде «Ұлттық киноны қолдау орталығын тілді білетін адам басқаруы керек» деген талабымыз болды. Ұлттық киноны қолдау орталығы болғаннан кейін ұлттық киноны білуі тиіс емес пе? Есетжан Қосыбаев – мәдениет саласында жұмыс істеген адам. Режиссер, актер, сценарий жазатын адамдардан хабары бар тұлға. Егер ол кісі режиссер болса, онда мүдделер қайшылығы пайда болар еді. Яғни, өз фильміне өзі қаржы бөліп, у-шу тудырар еді. Билікке келгесін әр адам әртүрлі қабылдайды ғой. Бәрі дұрыс болады деген ойдамыз – деген еді режиссер Рүстем Әбдіраш Қосыбаев алғаш тағайындалған уақытта.

Енді киногерлер «бір теңге беріп жылатып, мың теңге беріп қойдыра алмапты» дегеннің керін бастан кешіп отыр. Жылына 3 млрд теңге бөлінетін майшелпектен кімнің айырылғысы келсін, жіліктің майлы басын ұстаған Қосыбаев әзірге батпан құйрықтан айырылғысы жоқ. Ал «тілеп алған аурудың» емін таппаған киногерлер тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді деп мойынсұнғаннан басқа амалдары жоқ секілді.

Есетжан Қосубаевтың ҰКҚМО басшысы ретіндегі қызметі бір сөзбен айтқанда еш қанағаттандырарлықсыз дер едім. Соңғы екі ай бойына жалғасып жатқан дау-дамайдың басында осы Қосубаевпен оның кілең орыстілділер мен біліксіз мамандарды жинап алған конторасы тұр. Қосубаев бұрынғы ескі жүйкенің адамы, Жаңа билікте әлі советтік шекпенін тастай алмай жүрген кісі. Ол барлық мәселені әкімшілдік-әміршілдік әдіспен шешкісі келеді, шешіп те келе жатқан шенеунік. Оның шенеунік ретіндегі негізгі ұстанымы – әділетсіздік және өз мүддесі үшін қандай құндылықты болсын құрбан етуге даяр. Мұндай басшылардан зардап шешетін ең әуелі мемлекет мүддесі, ұлттық идеология. Олар бұл істері үшін заң алдында, тарих пен ұрпақ алдында жауап береміз деп еш ойламайды, ар соты дегенді де мүлде ұқпайтындай. Ол мұндай жауапкершіліктен «Ескі Қазақстанның» әдіс-тәсілдерімен құтыла саламыз деп ойлайды. Оның қандай әдіс-тәсіл, айла-амал екенін білесіздер – дейді белгілі актер, режиссер, өнертанушы Ерлан Төлеутай.

Ол сонымен қатар, Қосубаев кісі бір үрдісті – заманның өзгергенін, жаңа дәуірдің келгенін түсінбейді деген пікірде.

Биылғы орын алған жас киногер толқынның бас көтеруі, екі ай бойы табандап тұрып алып, Қосубаев конторындағы жалпы ұлттық кинодағы былық-шылықтармен ымырасыз күресуі – осының айғағы яғни бұл жаңа заман жастарының, бұрынғы еске жүйеге қарсы ұрпақтың оянғанының нышаны. Олар мұратсыз әкелердің, Қазақстанды жемқорстанға айналдырған «агашкалар мен көкелердің» жолымен жүргісі келмейді. Олар Қазақстанның шын патриоттары, олар Қазақ елінің өркендегенін, гүлденгенін қалайды, осы мақсатқа өз шығармашылықтары арқылы үлес қосқысы келеді, жақсы фильмдер түсіріп ұлтты, қоғамды сауықтырғысы келеді, әлемге Қазақстанның атын шығарғысы, оның оң имиджінің қалыптасуына шығармашылық тұлға ретінде өздерінің үлесінтерін қосқысы келеді. Алайда Қосубаев сияқты басшылар және біздің Мәдениет министрлігіндегі кейбір шенділер мұндай оң өзгерістерге, жаңаруға қарсы. Олар отыз жыл бойы жемқорлық салтанат құрған ескі жүйенің мызғымағанын қалайды. Сол үшін бірін-бірі қолдайды, «жауға» бермейді. Өйткені ескі жүйе жемқорлықпен айналысуға, мемлекеттік қызметте жүріп, жеке басының мүддесін жоғары қоюға таптырмайтын система. Шенеуніктер бұрынғыдай еңбексіз мал тапқысы келеді. Үкімет бюджетінен мемлекеттік идеологияға бөлінген қаржы-қаражатты талан-таражға салғысы келеді, салып та жатыр. Сол жолда бұлар сайтанмен тіл табысуға бар, табысып та жатыр. Киногерлердің талаптарының екі ай бойы шешілмеуі – осының айғағы – дейді Ерлан Төлеутай.

Кейде мен осындай сұмдықтардан кейін ойға қаламын, шенеуніктердің мұндай асқынған, жалпы қоғамның назарына ілігіп, үлкен резонанс тудырған, әбден ушыққан мәселерді еш шешпей, қасарысып отырып алуы – коорупцияны іштей қолдау ма деп ойлаймын деген өнертанушы, «егер әділ заң үстемдік құрып, коррупция жойылса, мұндай «Ескі Қазақстанның» шенеуніктері қызметттерінде бір күн қалмас еді» деген пікірде.

Оңай олжа, тегін пайданың жолы кесілген соң, олар мемлекеттік қызметтен біржола кетіп тынар еді. Олардың орнына ары мен қолы таза шенеуніктер келер еді. Лайым солай болсын! Өйткені басқа жол жоқ – дейді ол.

Өткенде Ұлттық телеарнаның тікелей эфирінде өткен ток-шоуда жас режиисер Азамат Шарғын Есет Қосубаевтың мемлекетке 530 миллион қарызы бар ресми құжатты жайып салды. Масқара ғой!

Мұндай қарызбен Қосубаев Мемлекеттік мекемеде қалай жұмыс істеп отыр, мұндай бассыздыққа Үкімет қалай жол берген, әрбірден соң мемлекеттік шенеуніктің этикасы деген қайда?! Үкімет, заң органдары қайда қарап отыр? Осыдан кейін мемлекеттік қызметте қандай құн қалады, мемлекеттік шенеуніктердің халыққа, жас ұрпаққа көрсетіп отырған үлгісі осы болса – жетіскен екенбіз. Біз – киногерлер осындай былық-шылыққа әбден тойып біттік және бұдан әрі төзе алмаймыз. Тек киногерлер ғана емес, бұл бүкіл халықтың талабы қазір. Ел «Жаңа Қазақстаннан» үміт күтеді, сол үшін де Тоқаевты қолдауда. Бірақ Қосубаевтай «Ескі Қазақстанның» шенеуніктері істеген заңсыздықтары үшін жауапқа тартылмай, заң алдында жауап бермей, бізге «Жаңа Қазақстанның» ауылы әлі алыс. Сондықтан «Жаңа Қазақстан» Мәдениеттен басталуы керек. Ол үшін Мәдениет саласы жемқор шенеуніктерден түгел тазартылуы тиіс. Бұл істі антикор сияқты қаржылық қылмыстармен айналысатын органдар түбегейлі қолдарына алып, ақ-қарасын анықтап, сот, прокуратура әділ шешімін шығаруы тиіс. Содан кейін Мәдениет саласына Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков, Жексенбек Еркінбеков сияқты адамзаттық және ұлттық құндылықтармен қаруланған реформаторларды ел ішінен тауып, тәрбиелеп, оларға Мәдениет саласының толып жатқан тізгіндерін ұстату керек. Әйтпесе, бәрі бекер! – дейді ол.

«Ұлттық киноны қолдау орталығындағы» жағдай осылай болса, «Қазақфильм» киностудиясы жарты жылдан бері басшысыз отыр. Мұның өзі елдегі, тіпті әлемдегі ең маңызды идеологиялық құрал саналатын кино саласына деген еліміздің, тиісті министрліктің немқұрайдылығын, кино саласының ұлттық идеология үшін таптырмас құрал екенін жете түсіне алмауының көрінісі болса керек.

Ал енді елді шулатып жүрген Есетжан Қосыбаевтың кім екенін біле отырыңыздар.

Есетжан Мұратұлы Қосыбаев 1955 жылы 19 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген.

1980 жылы əл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын дәл сол жылы Қазақ КСР археология, этнография жəне тарих институтында бастаған.

1990-1992 жылдары Қазақстан мəдени, əлеуметтік, ғылыми-техникалық даму қоры атқарушы директорының орынбасары;

1992-1993 жылдары «Алтын-Алма» АҚ Басқармасының төрағасы;

1993-1998 жылдары «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының вице-президенті;

1998-2001 жылдары «АРТ-Центр» продюсерлік орталығының атқарушы директоры, «Евразия» халықаралық кинофестивалінің директоры;

2001-2002 жылдары «Қазақстан» РТРК төрағасы;

2002-2004 жылдар аралығында Президент Әкімшілігі баспасөз орталығының басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасының БАҚ және қоғамдық байланыс бөлімінің жетекшісі;

2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрі;

2006-2007 жылдары «Kazenergy» қоғамдық қорының президенті;

2007 жылдан бері «Рауан Медиа Групп» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның «Атамекен» Одағы басқармасының мүшесі болды.

Əр жылдары ірі халықаралық өнер форумдарды, іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан. «Алматы – моя первая любовь» ретро фестивалінің продюсері және жүргізушісі, «Азия дауысы» халықаралық музыкалық фестивалінің негізін салушылардың бірі.

Есетжан Мұратұлы режиссер Юрий Чулюкиннің «И в шутку, и всерьёз…» фильмінде (1963) басты рөлді сомдаған. «Құрмет» және 2 дәрежелі «Достық» орденінің иегері.

Arasha.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.