31-10-20 | 21:24
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ АСХАТ МАЕМИРОВТЫҢ ҚОЛШОҚПАРЫ МА?.
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ АСХАТ МАЕМИРОВТЫҢ ҚОЛШОҚПАРЫ МА?

Ақын, өнертанушы Балтабек Нұрғалиев “Асанәлі Әшімов Асхат Маемировтың қолшоқпары ма?” деген тақырып қойып, жазба жариялады. Нұрғалиев жазбасында Әшімовтың театр және кино өнеріне сіңірген еңбегін айрықша атап көрсете келіп, Әшімов пен Маемировке қатысты “театр өнері төңірегіндегі көптеген мамандар түсіне алмай жүр” өз ойын жазады.

Балтабек Нұрғалиев, өнертанушы:

– Асанәлі Әшімов – қазақстандық кино өнеріне және театр өнеріне көп еңбек сіңірген, аса талантты актер, жастарды актерлік шеберлікке тәрбиелеп жүрген талғампаз ұстаз екенін бәріміз жақсы білеміз. Мұхтар Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, Макс Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, Герхарт Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасында доктор Клаузен рөлдерін сомдаған салиқалы актердің айшықты өнегесі мен өрнегі – еліміздің рухани қазынасы. Асанәлі Әшімов қандай рөлді қолға алса да, оған бар жан-тәнімен беріліп, ақыл-парасатымен өлшеп, өмірден өнер жасайтындығы рас. Бұл – өте сирек кездесетін қасиет. Себебі үлкен образ сомдау үшін ой да, талғам да биік болуы керек. Асанәлі Әшімов сомдаған кинодағы салмақты бейнелерді білмейтін қазақ жоқ десек, қателеспеспіз. «Асанәлі Әшімов жасады» деген өнердің әрқайсысы – шығармашылықтың бір-бір шыңы. Ұлттық кино өнерін әлемдік жоғары дәрежеге көтерген актер деп Асанәлі Әшімовті айтуымызға толық негіз бар. Оның кинодағы Бекежан, Шадияров, Мәмбет, Қасымханов, Кемел, Нұрғазы, Қаражал, Шыңғыс хан рөлдері, сонымен қатар, режиссерлігімен түсірілген «Жылан жылы», «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» фильмдері еліміздің еңселі өнерін жаһан жұртшылығына таныстырды.

Міне, осындай «қазақ өнерінің қадірлі абызы» атанған Асанәлі ағамызды өнерде жолы болмаған жандар өздерінің арзан ойындарына араластырып, алға салып, пайдаланып отырғандары қатты қынжылтады. Театр өнерінде жолы болмай жүрген Асхат Маемиров деген мансапқұмар Асанәлі ағамызды анда жұмсап, мында жұмсап, абыздың қолымен от көсеп, әбден әуреге салды. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген мақал еріксіз еске түседі бұндайда. Асхат Маемировтың ықпалынан шыға алмайтындай Асанәлі ағамызға не болды? Осыны театр өнеріндегі көп мамандар түсіне алмай әлек. Асанәлі ағамыз жарығын көлегейлейтін жандардан аулақ болса деймін. Қазақстан Театрлар Ассоциациясының Президенті Асанәлі Әшімов Асхат Маемировтың қолшоқпары ма? Қоғамды мазалайтын сұрақ, міне, осы! «Жақсы дос жеткізер мұратқа, жаман дос қалдырар ұятқа» деген ел даналығын Асанәлі ағамыз түсінбейді дегенге сенгім келмейді. Отандық театр өнері мен кино өнеріне қатысты соңғы кездердегі жиілеп кеткен бірнеше даулы мәселелерде Асанәлі ағамыз көрермендердің де, өнер жасаушылардың да көңілдеріне көлеңке түсірерліктей жағымсыз жайттардың белортасында жүрді. Керексіз былықтардың арасында бой көрсету Асанәлі Әшімовтей тағылымды тұлғаға жарасар әрекет пе екен?.. Мен бұл сауалдарымды ұлттық театр өнері мен кино өнеріне шынайы жаным ашыған соң ғана, Асанәлі Әшімовтей тұнықтың лайлануына жол бергім келмегендіктен, ақтарыла қойып отырмын.

Ат сынын анық танитын, өнер бәйгесіндегі тұлпарлардың шабысын әділ бағалайтын Асанәлі ағамыздың көреген көздерін, дуалы аузын, адаспас адал құлақтарын Асхат Маемировтың қызғанышпен созылған қолдары неге жауып тұр? Асанәлі ағамыз осы қолдардан құтылса, алдағы уақытта да қазақ өнерінің жарқын болашағы үшін әлі талай тағылымды жұмыстар тындырып, көптеген шұғылалы бастамалардың басы-қасында жүреріне үміттімін. Асанәлі ағамның кемеңгерлігі істің ақ-қарасын ажыратуға жәрдем етеріне сенемін. 

фото: inform.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk