11-01-21 | 00:13
Атырау мен Маңғыстауда сайлау бітпей жарық сөніп қалды.
Атырау мен Маңғыстауда сайлау бітпей жарық сөніп қалды

Атырау облысында тіркелген электр желісіндегі апаттан Маңғыстауда да жарық сөніп қалды. Өңірлерде электр энергиясынан уақытша шектелген сайлау учаскесі бар, деп хабарлайды arasha.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Атырау-Жарық» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, электр қуатын өшіру жергілікті уақытпен 18:30-да басталған.

Атырау қаласындағы шағын аудандар мен қала маңындағы Водников, Кеңөзек, Дамбы, Балықшы, Балауса, Лесхоз, Геолог, Бірлік, Тасқала елді мекендерінде жарық сөніп қалды. Сондай-ақ, Махамбет пен Индер аудандарында да электр қуатын беру тоқтаған.
«KEGOC желісінде пайда болған ақау салдарынан Атырау қаласының кейбiр ықшамаудандары уақытша жарықтан ажыратылды. Қалыпқа келтіру жұмыстары күшейтілген режимде жүргізілуде. Жарық біртіндеп қосылады» деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметінен.

Маңғыстау облысының әкімдігі де апаттық жағдайда электр энергиясының сөнуіне байланысты ресми ақпарат таратты.

«Атырау облысының аумағындағы «Индер», «Атырау» қосалқы станцияларында орын алған апаттық жағдай салдарынан электр энергиясы жиілігінің төмендеуіне әкеліп, соның салдарынан «КЕГОК» желісінің батыс аймағы бойынша (Атырау және Маңғыстау облыстарында) электр жүйесі тұтас істен шықты. Салдарынан Ақтау қаласындағы (1,2,3,6,8,13,24 шағын аудандар) және Түпқараған ауданындағы («Дунга», «Акшукыр», «Форт», «Баутино» қосалқы станциялары) және Мұнайлы ауданындағы («Маңғыстау», «Қызылтөбе») аудан тұрғындары жарықтан ажыратылды.

Сағат 18.30 пен 19.45 аралығында Ақтау қаласындағы сайлау учаскелерінің ішінен екі сайлау учаскесі уақытша электр энергиясынан уақытша шектелді. Қазіргі уақытта «КЕGОC» АҚ Атырау облысының аумағында апатты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, жиілікте қайта орын алған апаттың салдарынан сағат 20.00-де Ақтау қаласындағы 1, 2, 3А, 3Б, 4 және 5 шағынаудандарында жарық қайта сөнді. Жоғарыда аталған Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы қосалқы станциялар электр желісіне қайта қосылу үшін «КЕГОК» АҚ рұқсат күтіп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.