02-10-18 | 18:00
Ауғанстандағы сайлау шарасында “жанкешті” он шақты адамды мерт қылды.
Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятының билігі 2 қазанда өтіп жатқан сайлау шарасы кезінде “жанкешті өзін жарып жіберіп”, кем дегенде 13 адамның өлгенін, ондаған бейбіт тұрғынның жараланғанын хабарлады.

Уәлаяттың денсаулық сақтау басқармаысының басшысы Наджибулла Камавал Азаттықтың Ауған қызметіне қастандықтан 13 адамның өлгенін, кем дегенде 40 адамның жараланғанын растады.

Уәлаят басшысының уәкілі Атаулла Хоянидің сөзінше, жанкешті Кама аудандық сайлау округінен ұсынылған кандидат Насир Моманд ұйымдастырған шеруге шабуыл жасаған.

Моманд Ауғанстанда 20 қазан күні өтетін парламент сайлауына қатысып жатыр. Әзірше қастандықты ешбір топ мойнына алған жоқ.

Сайлау кампаниясы 28 қыркүйек күні басталған. Ауғанстан парламентінің 249 орындық төменгі палатасына депутат болып сайлануға екі жарым мыңнан астам кандидат ниет білдірген. 

Дауыс беру мен үгіт-насихат шараларына кедергі қылғысы келетін содырлар сайлау басталмай жатып Кабулда, Нангархарда, Кандагар мен Парванда бес кандидатты өлтірген. Қаскөйлер екі кандидатты ұрлап әкеткен, олардың не халде екені белгісіз.

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk