04-08-22 |
Ауыл халқы: Шенеуніктер жерді оңды-солды таратып жіберді.
Ауыл халқы: Шенеуніктер жерді оңды-солды таратып жіберді

Түркістан облысындағы Тастұмсық ауылының тұрғындары жергілікті атқамінерлердің жұмысына наразы. Шенеуніктер елдімекен іргесіндегі жерді оңды-солды таратып жіберді деп ашынады олар. Жайылымға апаратын аумақтарға кәсіпкерлер құрылыс жүргізіп мал өтетін жер қалдырмаған. Ал, оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бұл туралы Qazaqstan ұлттық телеарнасы хабарлады.

Ауыл әкімінің жұмысына наразы болған Тастұмсық ауылының елуге тарта тұрғыны бүгін арық бойындағы жерлерді халыққа қайтаруды талап етті. Олардың сөзінше, жергілікті шенеуніктер жерді қалталы азаматтарға үлестірген. Ал, оның зардабы қарапайым халыққа тиіп жатыр. Мәселен, елдімекендегі төрт түліктің жайылымға өтетін тұсын әлдебір кәсіпкер қоршап алып, құрылыс бастаған.

«Мал жайылатын орын мына жер. Мал кіріп шығатын жерге бұлар ғимарат соғып жатыр. Бұл жерде мал трубадан өте ма, арықтан қалай өтеді. Бұл жерде жазым болады ғой. Трубадан өтетін жердің барлығын топырақпен бекітіп тастады бәрін төмпешік қылып. Ертеңгі күні жауын шашын болады, мына лайдың бәрі ауылға ағады»,-дейді ауыл тұрғыны Жәнібек Бейсенбаев.

Ауылда шешімін таппай отырған мәселе мұнымен бітпейді. Аптап ыстықта жұрт ауыз судан да әбден тарыққан. Шілденің күнінде он күндей сусыз қалдық деген тұрғындар тіршілік нәрі бір күн берілсе екі күн тоқтап қалады дейді. Ал су жиналатын орын қоршалмай, ашық шашық күйі жатыр.

Аудан басшылары болса ауыл іргесіндегі жердің кәсіпкерге қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілгенін жеткізді. Құрылыс нысанын салуға рұқсат қағазы жоқ екенін де алға тартып отыр.

«Мынау салынып жатқан құрылыстың рұқсат құжаттары жоқ. Қазіргі кезде анықтап отырғанымыздай заңсыз салынып жатқан құрылысқа жатады. Сол құзырлы мекемелер шешетін болады, сносқа кете ма әлде жаңағыдай басқаша шешім қабылданады ма»,-дейді Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен.

Аудан әкімінің орынбасары жер телімін кәсіпкерге кім бергенін анықтап, шара көреміз деп ақталды. Яғни тексеру жұмыстарынан кейін ғана заңсыз әрекет еткендер жауапкершілікке тартылатын болады. Дегенмен ауыл тұрғындары жергілікті әкімді жұмысынан босатпай, мәселеміз шешілмейді деп отыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk