Ауыл шаруашылығы министрлігі талан-тараж болған субсидия туралы айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі талан-тараж болған субсидия туралы айтты

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ведомство ішінде жүргізіп жатқан тергеулерге қатысты мәлімдеме жасады.

 

Министрлік президент тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын субсидиялау тетіктірін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп проблемаларды шешу жолдарын әзірлейтін арнайы жұмыс тобын құрды.

«2021 жылдың 9 тамызы мен 20 қыркүйегі аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Тексеру мерзімі екі рет 30 қыркүйекке дейін және 15 қазанға дейін ұзартылды. Тексеру жүргізу кезінде саланы субсидиялау бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге талдау жасалды, олқылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар әзірленді», – деп хабарлады министрлік.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері әзірленді.

Ол субсидиялау бағытын жеңілдетуді көздейді. Сондай-ақ шаруашылық жүргізудің мөлшері мен нысанына қарамастан, барлық субъекті үшін мемлекеттік қолдау шараларының тең қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.

Субсидия алушылардың нәтиже көрсетуі бойынша олардың жауапкершілігін арттыратын нормалар енгізіледі.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығының заңнамалық базасын одан әрі жетілдіру, оған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық болдырмайтын қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті заң жобасы қазір парламент мәжілісінде қаралуда», – деді ведомство.

Жануарларды есепке алу және жануарлар туралы ақпаратты ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорына беру процесін автоматтандыру бойынша ветеринария саласының қызметтерін цифрлы форматқа көшіру жоспарланған.

Субсидиялаулау бойынша жұмыстың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң сараптамадан өтеді.

Айта кетсек, 4 қарашада моноқалаларды дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаржы туралы айтып, министрлікті сынға алған болатын. Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Нәтижесінде не болды? Бюджет қаражаты жан-жаққа шашылады, олардың жұмсалуына бірыңғай бақылау жоқ. Экономикалық маңызы жағынан да нәтиже жоқ», – деді президент.

Сондай-ақ бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы ауқымды операциясы нәтижесінде ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, Шығыс Қазақстан, батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленгенін айтқан болатын.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.