Шымкентте «Ордабасы» индустриалды аймағында қараусыз тұрған бес қабатты ғимарат құлап, оқиға орнында үш адам қаза болды.
Қайғылы оқиға 13 ақпан күндіз болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бес қабатты ғимараттың 625 шаршы метр темір-бетон плиталарының жабындысы опырылып түскен. Қараусыз ғимараттың жалпы ауданы – екі мың шаршы метр.
Кинологтар үйінді астынан үш ер адамның (1967, 1992 және 1999 жылғы) денесін тапты. Алдын ала болжам бойынша, олардың бірі күзетші болып жұмыс істеген, қалған екеуі иесіз цехтың металл конструкцияларын бұзумен айналысқан.