11-05-22 |
Азаматтар олардың суретін алып шықcа, ол әр адамның өз еркі – депутат.
Азаматтар олардың суретін алып шықcа, ол әр адамның өз еркі – депутат

Алматыда «Батырларға тағызым» іс-шарасы өтіп, онда кейбір адамдар Сталин мен Берияның суретін алып шыққан болатын. Осыған жұрт қатты ашуланып, биліктің ит терісін басына қаптаған еді. Шынын да билік 30 жылда неге отарсыздану саясатын жүргізбеді? Осы және өзге де сұрақты Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбековке қойған едік.

 – «Батырларға тағызым» атты жиында азаматтардың Сталин мен Берияның суретін алып шыққаны қаншалықты дұрыс болды? Билік иделогиялық жұмыс жүргізуде кемшілік жіберіп алмады ма?

– Сталин мен Берияның суретін кім алып шықты?

– Қарапайым азаматтар…

– Азаматтардың өз еркі бар ғой. Кім не алып шыққысы келетінін өзі шешеді. Бірақ оларды Сталин мен Берияны қолдайды деп айта алмаймын. Алайда азаматтар олардың суретін алып шықcа, ол әр адамның өз еркі деп білемін.

– «Адамдардың өз еркі бар» деген әдемі сөз. Бірақ бізде Мұхтар Әблязовтың суретін «Көше» партиясының өкілі митингке алып шықса, құзырлы орган оны еркіне жібере ме, жоқ әлде ұстап ала ма?

– Енді ол… Әр адам нені алып шығамын десе де өз еркі ғой. Қазір бізде санкцияланған митингке шығуға заң рұқсат етеді. Аталған митингте қандай портрет ұстап шығамын десе де өз еркі бар.

– Демек біздің елде Әблязовтың суретін ұстап шығуға мүмкіндік бар ғой?

– Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Астана бойынша күн сайын қолыңыздан түсірмей ұстап жүрсеңізде болады. Онда тұрған ештеңе жоқ.

– Яғни сіз оппозияция серкесінің суретін алып шығуға қарсы емессіз ғой…

– Қазақстанда әр адамда еркіндік бар. Күні бойы алып жүремін десеңізде өзіңіз білесіз. Сұрақтарыңыз қызық екен.

Сіздер 30 жыл бойы Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясын мақтап келдіңіздер. Сталин мен Берияның қан құйлы саясатының салдарынан 4 млн қазақ аштан қырылып, зиялы қауым өкілдері атылып кетті. Қазақты қынадай қырған адамдардың суреті Алматы көшелерінде жүруі Назарбаевтың иделогиялық бағыттағы жұмысының кемшілігі емес пе? 

– Неге мақтап келдіңіз дейсіз? Мен қазір де Елбасын мақтаймын.

Сіз жаңа ғана «Жұрттар Әблязовтың суретімен көшеге шыға алады» деп айтып жатырсыз ғой. Бір адам Сталин, екінші бір адам Берияның, тіпті үшінші біреу мултьфильмдегі кейіпкердің суретін алып алаңға шықса да өзі біледі. Әр адамның өз еркіндігі бар. Сіздің сұрағыңыздың «Нұр Отан» мен Елбасы немесе қазіргі «Аманат» партиясымен қандай байланысы бар екенін түсінбей отырмын.

Бізде Тәуелсіздік алған 30 жылда отарсыздану саясаты жүргізілмеді. Билік советтік мұрадан бас тартып, отарсыздану саясатын неге жүргізбеді?

– Неге жүргізбедік?

– Отарсыздану саясатан жүргізбегеніміздің көрінісі кешегі Алматыдағы оқиға емес пе?

– Сіздер қызықсыздар. Жетпіс жыл бойы бір жүйеде өмір сүріп 30 немесе 40 жылда ол жүйеден айырыламыз деген мүмкін емес. Мұны мен мемлекеттік басқару мамандығында оқыған саясаткер ретінде айтып отырмын.

Екіншіден, біздің қытай мен орыс секілді екі алпауыт көршіміз бар. Оны біз таңдаған жоқпыз. Қазақта «Көршіні таңдамайды» деген әдемі сөз бар. Енді совет үкіметінің кезінде өздеріңіз өмір сүрдіңіздер. Совет үкіметі тіл мен дінге тыйым салып жатқан кезде неге қарсы шықпадыңыздар?

– Менің түрім Совет үкіметі кезінде өмір сүрген адамға ұқсай ма?

– Сіздің жасыңыз нешеде?

– 35 жастамын.

– Совет үкіметі кезінде азда болса өмір сүріпсіз ғой.

Серік Жолдасбай, arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.