Азаматтарды өз құқығын қорғауға үйрету керек.
Азаматтарды өз құқығын қорғауға үйрету керек

Жаңа Еңбек кодексінде жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы теңгерім заңдық тұрғыдан толық сақталған. Бірақ, кодекстегі жаңашылдықтарды халыққа жеткізу, насихаттау жағы әлі де болсын кемшін. Соның кесірінен бүгінгі күнге дейін еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп, еңбекақысын ала алмай жүрген азаматтар саны азаймай отыр. Басшының айтқанын заң көретін қарапайым халықтың жұмыстан тыс уақытта, демалыс күндері, түнгі уақытта қалып еңбек етуі, соған сай жалақысын алмауы да жойылмай келеді. Мұндай келеңсіздіктер жалғасын таппас үшін азаматтардың құқықтық сауатын көтеру керек.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілі Біржан Нұрымбетов те еңбек нарығындағы заңсыздықтарға тосқауыл болмай отырғанын ашына айтады. Мысалы тек 2017 жылы елімізде жұмыс істеп жүрген 1 миллион 32 мың адамның міндетті зейнетақы жарналары төленбеген. Ол ақша қайда кетіп жатыр? Зейнетақы қорына неге түспеген? Мұны тексеруге, басшылардан жарнаның қорға аударылуын талап етуге жұмысшылар құлықсыз. Дәлірек айтсақ, қарапайым жұмысшы басшыға талап қойсақ далада қаламыз деген қорқынышпен мәселені жылы жауып қоя салады. Бұл аздай, Бас прокуратураның мәліметінше былтырғы жылы 2 миллиард теңгеге жуық жалақы берешегі қадағалаушы органның көмегімен қайтарылған. Мұндай оқиға жыл сайын қайталанады. Осының өзі Қазақстан азаматтарының өз құқығын толық қорғай алмайтынын, еңбегін даулауға білімі мен білігі жетпейтінін көрсетеді.

Енді осының себептеріне үңіліп көрелік. Талшын Еділқызы бұған дейін бірнеше кафе, мейрамханада даяшы болып жұмыс істеген. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде оқитын қыз тек сабақтан бос уақытында, сенбі, жексенбі күндері ыңғайлы жұмыстар тауып, аз-маз ақша алғанына мәз болып жүр. «Кафе әкімшілері студенттерді жұмысқа қабылдағысы келмейді. Өйткені оқып жүрген соң студентті аяқ астынан университетке шақыруы, мұғалімдердің шұғыл тапсырмалар беруі мүмкін. Мұндай кезде қанша жауапты болсаң да оқудан шығып қалмау үшін жұмыстан бас тартуға тура келеді. Осыны білетін әкімшілер бізге жұмыс берсе де, төейтін жалақы тұрақты жұмыскерлерден кәдімгідей төмен. Бірақ, жүктемеміз бір. Ұнамасаң ақшаңды бермей жұмыстан қуып жібере салады. Одан кейін қарыз сұрайтын адамдай соңынан жүгіріп жүресің. Келісімшарт жасамаған соң амалымыз қанша? Тұрақты қызмет етпегендіктен айлығымыз да айтарлықтай көп болмайды. 15-20 мың үшін құзырлы орындарға бара алмайсың. Дауласатын болсаң бұл ақша әрі-бері жолыңды ақтамауы мүмкін. Сондықтан, қанша зекіп, намысыңа тиіп, артық жұмыс тапсырып тұрса да жұмыс берушілердің талабына көнуге мәжбүрсің» дейді Талшын Еділқызы.

Осы бір ғана мысалдан көріп тұрғанымыздай, азаматтар еңбек келісім шартын жасау керегін біледі, бірақ тұрақты жұмыс болмағандықтан олар кездескенін қанағат тұтуға мәжбүр. Әйтеуір бір жерге аяғын іліндіріп алуды ойлағандар жұмыстың ауырлығын, талаптың тым жоғарылығын елей бермейді. Адамдардың шарасыздығын пайдаланған жұмыс берушілер қарауындағыларды қалағанынша жұмысқа салуды әдетке айналдырған.

Жақсы, жұмысшылар өзінің құқығын білді дейік, тіпті құзырлы орындарға шағым да түсірсін. Мұндайда нәтиже қалай болуы мүмкін?  Заңгер Марат Бәшімовтің айтуынша, еңбек ақысын ала алмай жүргендерге өзінің жұмыс істегенін дәлелдеудің өзі оңайға түспейді. Оған куә керек. Ал арызданушы азаматпен иық түйістіріп жұмыс істеген жандардың өзі куәлік еткісі келмейді. Кейбір принципшіл жандар болмаса, көпшілігі тапқан жұмысынан ажырап қалғысы келмейді, куәлік етуді басшыға қарсы шығу деп түсінеді. Осылайша өзінің өнімді жұмыс істегенін айтпағанда, еңбекке араласқанын дәлелдей алмайтын адамдар ақыры сотта жеңіліс табады.

Тәжірибеден көріп отырғанымыздай, құрылыс, сауда және ауылшаруашылық пен шағын кәсіпкерлік салаларында еңбек шартынсыз жұмысқа тарту оқиғалары жиі кездеседі. Сондай-ақ, ауысымдық жұмыстарда жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімдер тек ауызша жүргізіледі. Мұндай жағдайда олардың өз еңбегіне сай ақы алатынына да кепілдік жоқ. Ал, таңның атысынан кештің батысына дейін тынымсыз еңбек еткен адамдар айлық алмаса әуелі қараулық танытқан жұмыс берушіні, одан кейін билікті кіналайды. Сондықтан, әлеуметтің құзырлы орындарға деген кері пікірін көбейтпес үшін жоғарыдағы салаларды еңбек инспекторлары қатаң бақылауға алуы керек. Жұмыс берушілердің жауапкершілігін барынша көтеру бойынша тұрақты насихат жасалғаны дұрыс. Негізі жұмысшылардың құқығы қорғалса еңбек өнімділігі де артар еді. Өйткені жұмысына риза емес қызметкер жемісті еңбек етуді ойлай бермейді.

Азаматтардың еңбегін жегізбеудің тағы бір тәсілі – кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін көтеруге келіп тіреледі. Кәсіподақ ұйымдары беделді, пәрменді болған жағдайда еңбек дауларын ушықтырмай шешуге мүмкіндік бар. Осыған орай, жұмыс орындарында кәсіподақ ұйымдарын құру – жұмыс беруші мен қызметкерлердің арақатынасын реттеуден бастап, жұмысшының құқықтарын қорғауға дейінгі жұмыстарды бір жүйеге келтіріп, барлық заңдылық талаптардың сақталуына ықпал етеді. Қазақстанда қазіргі таңда 467 кәсіподақ бар, олардың 154-і 2016 жылдың басынан бері «Кәсіби одақтар туралы» жаңа Заң аясында құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ осы ұйымдардың атқарған жұмысы көрінбейді. Немесе қарапайым халық олардың бар екенінен, өздерінің мүддесін қорғайтынынан бейхабар.

Демек, жұмысшылар құқығын қорғауда қолға алынуы керек жұмыстың бәрі – заңды түсіндіру, ақпараттармен бөлісу тетіктерінің дұрыс қолға алынбауынан туындайды. Заңдағы өзгерістерді жұртшылыққа жеткізу жағы әле де шала. Азаматтар жұмысшыны келісімшартсыз еңбекке тартқан, кемсіткен, еңбегін жеген, жалақысын бермеген жұмыс берушілерге жауаптылық қарастырылғанын, айыппұл салынғанын біле бермейді. Егер осындай ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жазылып, көрсетілсе, заңның жұмыс істейтінін түсінген азаматтар өз құқығын қорғауға батыл кірісер еді.

Мөлдір Мәлікқызы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.