20-02-20 | 13:17
Б.Бұқарбай: Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына көзім жетті.
Б.Бұқарбай: Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына көзім жетті

Былтыры президен сайлауынан кейін қоғам мен билік арасында диалог орнату мақсатында құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қожырай бастады. Өткенде экономист, кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан кеңес мәселесін көтеріп, биліктің әрекетін сынға алған еді. Бүгін кеңестің тағы бір мүшесі Бақытжан Бұқарбай кеңес мүшелігінен шығатынын мәлімдеді.

 

Бақытжан Бұқарбай, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Менің есімім Бақытжан Бұқарбай. Мен баспагермін, бірнеше кітаптың авторымын. Ұлттық кеңестің мүшесімін

Былтыр Кеңес әлі құрылмай тұрғанда оны қатты сынға алғандардың бірі болдым. Десе де, Кеңестің құрамына кіру туралы ұсыныс келгенде, халқымыз отыз жыл күткен саяси реформалар жүзеге асып қалады-ау деген үмітпен оның мүшесі болуға келістім. Саяси реформалар бойынша жұмыс тобындамын, осы күнге дейін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізуге бағытталған ұсыныстар дайындауға белсенді атсалыстым.

Біздің ұсыныстарды ескере отырып, президент Тоқаев жыл соңында саяси реформалардың бірінші пакетін жария етті. Яғни партия тіркеу жұмысын жеңілдету, бейбіт жиын ұйымдастыру үшін хабарлау жүйесіне көшу сияқты оң өзгерістерді заңға енгізу туралы нақты тапсырма берді.

Өкінішке қарай, министр Абаевтың ведомствосы әзірлеген «Бейбіт жиындар туралы» заң жобасы президенттің тапсырмасына сай болмай шықты және ол халықтың, азаматтардың мүддесіне қайшы болып отыр.

Бұған қоса саяси тұтқындардың әлі күнге дейін босатылмағанын айта кеткен жөн. Жанболат Мамайға партия құру жолында тосқауылдар жасалып жатқанын да көріп жүрмін. Осының барлығы Тоқаевтың тапсырмаларын оның астындағы бюрократтардың елемейтінін аңғартып отыр. Бұл дегеніміз Ұлттық кеңестің бүгінгі таңда еліміздегі саяси реформаларға ешқалай әсер ете алмайтын ұйым екенін көрсетті.

Нақты саяси реформаның орнына көзбояушылық болса, қандай нәтижеге тірелетінімізді Тоқаевқа арналған кітабымда жаздым және оның президентке жеткенін білемін. «Prezident» деп аталатын кітабым сіздер үшін де қолжетімді.

Мен халқымның алдында адал болғым келеді. Халықтың мүддесін әрдайым бәрінен жоғары қоямын. Кеңестің құрамында елімізге пайда әкелетін өзгерістер үшін барымды салып, қолдан келгенше тырыстым, бірақ Ұлттық кеңеске биліктің құлақ аспайтынына ақыры көзім жетіп отыр. Мен халықтың мүддесіне қайшы әрекеттер мен пиғылдарды заңдастыруға араласқым келмейді, сол себепті Ұлттық кеңестің құрамынан шығатынымды мәлімдеймін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk