Біртановтың адвокаты сотқа Тоқаевты шақырды.
Біртановтың адвокаты сотқа Тоқаевты шақырды

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты Дмитрий Куряченко соттан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты іске куәгер ретінде шақыртуды сұрады.

«Қазақстанда тергеу органдары әлемге танымал Ericsson Nikola Tesla компаниясы жұмыс істемейтін 17 миллион теңгенің платформасын жеткізді деп санайды. Алайда тергеу оны өзі бұғаттап тастады. Осыны растау үшін, құрметті сот, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты куәгер ретінде шақыртуды сұраймын. Ол растап қана қоймай, тікелей өзіне бағынатын тергеу органы – қаржылық мониторинг агенттігінің өтірігіне куә бола алады», – деді адвокат.

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың үй қамаққа алу мерзімін ұзарту туралы мәселесін қарастырды.

Айта кетейік, денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов бюджет қаржысын ірі көлемде талан-таражға салғаны үшін айыпталды. Ол өткен жылдың 30 қазанында күдікті деп танылып, қамауға алынды.

6 қарашада сот бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстырды.

2021 жылдың 21 сәуірінде судья Елжан Біртановтың үйқамақта болу мерзімін 14 мамырға дейін созды.

Сот экс-министрге «өмірге қажетті іс-әрекеттерді орындау үшін» таңғы 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін үйден шығуға рұқсат берді. Елжан Біртанов үйқамақта болуына қарамастан жұмысқа орналасты.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk