Баланы кітапқа баулу: «КСРО кезіндегі пионерлер сияқты бір рамкадан шықпайтын кейіпкерлер қазіргі балаларға өтпейді».
Баланы кітапқа баулу: «КСРО кезіндегі пионерлер сияқты бір рамкадан шықпайтын кейіпкерлер қазіргі балаларға өтпейді»

Бүгінгі нарықтық заманда ақпараттық, ойын-сауықтық өнім ұсынушылар тұтынушы жинаудың түрлі маркетингтік әдістеріне барып жатыр. Қалайша елдің көңілін аулаймын, назарын өзіме бұрамын деген бақталастық бар. Тұтынушының назарына талас балалар өнімін шығарушыларды да айналып өткен жоқ. Сондықтан да қазіргі уақытта балалар ғана емес, ересек адамдардың өзі зейінін бір нәрсеге шоғырландырып ұстап тұруы қиын. Байқасаңыздар қазіргі заманның шығармаларында динамика қатты білінеді. Барлық оқиға жылдам өрбиді, жарқ-жұрқ суреттер жылдам ауысады. Себебі оқырманы немесе көрерменінің назары басқаға ауып кетпеуі тиіс. Бір нәрсеге зейінді шоғырландырып, ұзақ уақыт ұстап тұру сирек қасиетке айналып барады. Сондықтан да мамандар қазіргі заман адамдарына кітап оқу қажет екенін айтады. Ал сана-сезімі енді дамып, қалыптасып келе жатқан балаларға ол тіпті ауадай қажет деп отыр. Ал көгілдір экранның балаларын кітап оқуға қалай баулимыз? Бұл қазіргі интернет, гаджет пен телеарналардың заманында барлық ата аналардың көкейін тескен сұрақ.

Қазір баларар шытырман оқиғалы кітаптарды жақсы көретінін балалар әдебиетінде қалам тербеп жүрген жазушы Кәмшат Әбілқызы айтады. Ол «Балапан» телеарнасының «Айдар», «Ертемір» сынды мультхикаяларының желісі бойынша кітап жазған. Қазір әйгілі Шарын шатқалы туралы жаңа шығармасын жарыққа шығармақшы. Оның айтуынша бойында сиқырлы күші бар, ержүрек кейіпкерлері бар кітаптар балаларға өтімді.

– «Оқиғасы шытырман, аяқ астынан қиындыққа тап болатын және сол қиындықты даналықпен батыл жүрекпен шешіп жататын кейіпкерлер оларға идеал. Олар сондай кейіпкерлерді жақсы көреді және бір қызығы, қазіргі балалар қиял-ғажайып кітаптарды өте жақсы қабылдайды. Өйткені олардың сөздерін, іс әрекеттерін қайталап жатады. Мысалы «Супер-қаһарман» болсын, «Өрмекші адам» болсын, «Хәрри Поттер» болсын, солардың бәрі көп жағдайда бұл әлемді ғана еңсерген емес, қосымша бір сиқыры, күші бар адамдар. Мүмкін адамның бойында сондай қасиеттер бар шығар деп ойлаймын. Балалар сол қасиеттерін ашу үшін сондай кейіпкерлермен қазір танысып жатқан шығар деген ойым бар. Сосын бір оқиғаны немесе бір ағаштың келбетін ұзақ сипаттайтын шығармалар мен идеал, тәрбиелі, өте түзу жолмен жүретін, мысалы КСРО кезіндегі пионерлер сияқты бір рамкадан шықпайтын кейіпкерлері бар кітаптар балаларға өтпейді екен. Мен өз балаларыммен кітаптар оқып отырған кезде КСРО-ның көп жазушыларының, аттарын атамай ақ қояйын, шығармалары өтпей қалды. КСРО балалар жазушыларының ішінде Бердібек Соқпақбаевты ерекше атап өтуге болады. Оның кітаптары өте өтімді. Мысалы «Ергежейлер еліне саяхаты» болсын, «Менің атым Қожасы» болсын, балалар өте жақсы қабылдады. Тіпті «Ергежейлер еліне саяхатта»: «Мүмкін олардың бойы бір қарыстай ғана шығар, олардың қаласы біздің бөлмедей ғана шығар, олар сонда мынандай сумкаға салып алған шығар, қалай ойлайсың мен солардың үйіне барсам, қаласына барсам олардың үйлерін аяқпен таптап кететін шығармын», -деп арасында қиялға ерік беріп, бір сәт әңгіменің ішіне еніп, сол әңгімемен бірге қиялдап, арасында өз ойларын айтып, өте жақсы қабылдады. Бұл Бердібек Соқпақбаевтың ұлылығы десе де болады. Бүгінгі заман балалары жазушының әңгімерелін еркін қабылдап, ерікін ішіне еніп, жүзе алды. Сол сияқты біз қазір қазақшаға аударылып жатқан әлем әдебиетін де оқып отырамыз. Ол да балалар үшін өте қызық. Кішкентай ханзада, оның титтей ғана планетасы немесе бір тал гүлі олардың қиялына кәдімгідей қанат береді. Руал Даһлдың «Матилдасы» болсын, «Чарли және шоколат фабрикасы» болсын, бәрін бала елестетіп отырады. «Үйдің қабырғасын былай жалап жүретін шығар иә?» -деп қабырғаға барып жалағандай имитация жасап көрсетеді. Сол кейіпкерлердің іс-әрекетін қайталап, кітаптың ішінде жүретіні, кейіпкерлермен бірдей іс әрекет жасайтыны мені қызықтырады», -дейді Кәмшат Әбілқызы.

Кітап оқу ойлау қабілетін дамыту, шығармашылық потенциалды арттырумен қатар, төзімділік пен табандылық, тұрақтылық, сараптамалық ойлау, тиянақтылық сияқты қасиеттерді де дамытатыны белгілі. Ал бұл қасиеттер адамды жетістікке жеткізетін негізгі кілттердің бірі. Яғни баланың тұлғалық қасиеттерін дамыту үшін кітапқа баулу қажет екені сөзсіз. Осы ретте Кәмшат Әбілқызынан балаларды кітапқа қалай баулуға болатындығы туралы сұрап көрген едік.

– «Балаларды кітапқа баулу өте күрделі сұрақ болып кетті. Балалардың бәрі кітапқұмар бола бермейді екен. Ол кейбіреулер үшін дұрыс та шығар деп ойлаймын. Бірақ кітап оқығаннан олар тәжірибе жинайды. Мысалы «Матилда» кітабы арқылы балалар адуынды, тәкәппар, ойы бұзық, былайша айтқанда бандит директор болған кезде оған қарсы тұруға болатынын өз ойларынан қиялында болсын өткерді деп ойлаймын. Сондай адамдармен күресу керек екенін түсінді. Жалпы кітап оларға өзінің басынан өтпегенді кейіпкердің басынан өткен оқиғалар арқылы тәжірибе жинақтауға көмектеседі деп ойлаймын. Мен қазір көбінесе балаларымның қасында өзім отырамын. Күніне бес бет немесе қысқа болса бір тарау оқып отыруға тырысамыз. Менің өз балаларымды баулу тәсілім қазір осылай болып жатыр. Енді ол қаншалықты нәтижелі оны болашақ көрсетеді. Балаларым кітапқұмар, кітап десе жанын беретін адам болып өссе қуанамын», -дейді балалар жазушысы.

«Балаларға арналған кітаптарға сұраныс үнемі болған және бола да береді»

Қоғамда «қазіргі балалар кітап оқымайды» деген стереотип те бар екені рас. Расымен солай ма? Балалардың көбі гаджетке байланып, кітап оқудан қалған ба? Мұны «Мазмұндама» қорының бас редакторы Бану Дәулетбаевадан сұрап көрдік. «Мазмұндама» қоры шетелдік танымал кітаптарды қазақ тіліне аударып, Қазақстан нарығына шығарады.

– «Балаларға арналған кітаптарға сұраныс үнемі болған және бола да береді деп ойлаймын. Балаларға арналған кітаптарға қойылатын талаптар, ең әуелі жас ерекшелігіне қатысты. Яғни мектеп жасына дейінгі балаларға ата-анасымен бірге оқуға арналған кітаптар және жаңа әріп таныған баланың оқуына лайық кітаптар, мектеп жасындағы балаларға сыныптан тыс оқуға арналған кітаптар болып бөлінуі керек. Осы жас ерекшеліктеріне қарай, баланың қабылдауына лайықталған дүниелер болуы қажет. Оны бала психологиясын жақсы меңгерген жазушылар мен иллюстарторлар жасағаны дұрыс немесе психологтың көмегімен дайындалуы керек деп ойлаймын. Қазіргі кезде заманның өзгеруіне байланысты жаңа заман балаларының сұранысы толық қанағаттандырылып отыр деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі балалардың дүниетанымы үлкен өзгерістерге түскен, қабылдауы мүлде бөлек. Қазір балаларға арналған кітаптар шығып жатыр, сапасы да нашар емес. Бірақ аздық етіп отырғаны өтірік емес. Бұған мемлекет тарапынан үлкен қолдау керек деп ойлаймын», -дейді бас редактор.

Бүгінгі күні әлемде жеткіншектерді кітапқа баулу, кітапқұмар балаларды көптеп тәрбиелеп шығу жағынан АҚШ озып тұр деуге болады. Ол елде 9 мың қоғамдық кітапхананың 16 мың филиалы бар. Бұл штаттардағы «Макдональдс» тағамдану мекемелерінің санынан көп. Америка Құрама Штаттарында қоғамдық кітапханаға кез келген адам тегін кіре алады. Онда бір жылда 1,4 миллиард адам қоғамдық кітапханаға барады екен.

«Бұл жақта айналасын толық кітаппен қоршап қояды»

Қазақстандық жазушы Лира Қоныс қазір АҚШ-тың Калифорния штатында тұрып жатыр. Лира ханымның балалары біреше тіл меңгерген, жылына жүздеген кітап оқып тауысады екен. Балаларының кітапқұмар болып өсуіне қоршаған ортаның әсері мол болды дейді сұхбаттасымыз.

– «АҚШ-та туғанына үш күн болған баласын кітапханаға алып келіп, ертегі оқып беріп жатқан адамдарды да көрдім. Үш жасқа толмаған баланың кітапты еркін оқып отырғанын да кездестірдім. Сосын, бұл жақта дүкенде бала туғаннан үш ай өткенде оқитын кітаптар да бар. Ол кітаптар бала тістесе мыжылмайды, мыжғылып, бала жұтып қойса да денсаулығына зиян келмейтін, ваннаға шомылса да ерімейтін, суреттері үлкен, қанық салынған кітаптар бар. Үш айлық бала не біледі десек, кітап оқып үйрене бастайды, кітап көрмесе өскенде қалай кітап оқиды деп кітапханашы өзімізге ұрысқаны бар. Бұл жақта айналасын толық кітаппен қоршап қояды. Мысалы біздің кітапханамызда «Иттерге ертегі оқып беретін күн» деген де шара өтіп тұрады. Оқырмандар бір күн иттерін кітапханаға алып келеді де, жануарына ертегі оқып береді. Тіпті иттерінің өзі тырп етпей тыңдайды ғой. Біз өзіміз үлкен қызым бес жаста, кіші қызым үш жаста болғанда АҚШ-қа көшіп келдік. Сол кезден бастап жолдасым екеуміз оқудан босамадық. Бұл жақта балалардың бәрі кітап оқитын болғандықтан менің екі қызым да сол дүрмекке қосылып кетті-ау деймін. Оның үстіне кітапханалардың балалар бөлімі бірнеше залдан тұрады. Небір қымбат ойыншықтар мол. Соны да ойнау үшін барып жүріп үйренген сияқты. Үлкен екі қызым кітап оқыған соң, кенже ұлымның да кітапқа қызығушылығы оянған сияқты. Сол жүйенің себебі бар. Осында оқитын қазақтардың бәрінің балалары кітап оқығыш негізі», -дейді жазушы Лира Қоныс.

Тарихқа көз жүргіртсек, КСРО 1957 жылы қазан айында әлемде алғашқы болып ғарышқа ракета ұшырды. Бұл КСРО-ның басты бәсекелесі АҚШ-тың білім беру жүйесін қайта қарауына түрткі болды. Нәтижесінде 1958 жылы АҚШ Конгрессі «Ұлттық қорғаныс мақсатында білім заңын» қабылдады. Оның мақсаты білім саласындағы бағдарламаларды қаржылай қолдау арқылы Ұлттық қорғанысты күшейту еді. Лира Қоныс осы заң Америка Құрама Штаттарының білім саласына үлкен серпіліс әкелгенін айтып отыр.

– «Заң аясында балалар әдебиетін дамытып, барлық мектеп, кітапханаларды балаларға арналған кітаппен жабдықтау қарастырылды. Бір жылдың ішінде осы салаға суперкоммерциялық үлгі жасалды. Бір қызығы, бұл салаға мұнан кейін мемлекет көк тиын бөлген жоқ. Сала өзін өзі қаржыландырды», -дейді сұхбаттасымыз жазушы Лира Қоныс.

Балаларының болашағына инвестиция салған АҚШ-тың саясаты бүгінде өз жемісін беріп жатқан сияқты. Қазіргі күні ғылымда орасан жаңалықтарымен танылған Кремний алқабының өнертапқыштары кешегі кітапқұмар балалар болса керек. «Жақсыдан – үйрен, жаманнан – жирен» деген халық даналығын ескеріп, енді дамып келе жатқан Қазақстанға дамыған елдердің озық үлгілерін үйренген артық етпесе керек. Болашақ қара күште емес, білімде екенін, технология күн сайын дамып, әлем сағат сайын өзгеріп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Көштен қалып, көсеу мініп қалмас үшін бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ керек. Мемлекет тізгінін ұстаған азаматтардан бастап, әр отбасындағы ата-аналарға дейін балаларды кітапқа баулып, оқыған-білгені көп азамат етіп тәрбиелеуге тырысқаны жөн шығар. Мемлекеттік стратегия осыған бағытталып, жалаң сөз, құрғақ уәдеден іске көшсе керек.

Балжан Жеңісқызы arasha.kz

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk