11-08-22 |
Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді

Атырау облысы әкімінің орынбасарына қатысты іс Атыраудағы №2 қалалық сотта қаралып жатыр.

Ол «құны 145 млн теңге тұратын Абай ескерткішін орнатуда, мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін, Мәдениет басқармасының басшысы екеуі 4,5 млн теңге пара алды» деген күдікпен ұсталды.

Сот барысында Хаменованың адвокаты айыпталушыны үй қамағына ауыстыруды сұрады.
Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев соттан өз клиентінің бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны тергеу изоляторынан үй қамағына ауыстыруды сұрады. Сондай-ақ, айыпталушы мен оның анасының денсаулығын ескеруді, кәмелетке толмаған балаларының барын алға тартты.

Бұл өтінішті басқа айыпталушылардың адвокаттары қолдады. Өзге айыпталушылар тарапынан өтінішхатқа байланысты наразылық болған жоқ.

Атырау облыстық прокуратурасы басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Лаура Асанова соттан өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Сот адвокаттың өтінішіне қатысты әзірге нақты шешім шығарған жоқ.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk