31-03-22 |
«Барлық облыс орталықтарына армияның тұрақты бөлімдерін орналастыру қажет».
«Барлық облыс орталықтарына армияның тұрақты бөлімдерін орналастыру қажет»

Бүгін қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Онда әскери доктринаны қайта қарау жөніндегі жұмыстың барысы талқыланды. Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның әскери доктринасын қайта қарау мәселесін президент Тоқаев көтерген еді. Ал бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов екі айға қамауға алынғаны мәлім. Яғни, қаңтар оқиғасы қорғаныс саласындағы көптеген проблеманы шығарды.

arasha сарапшы Амангелді Құрметұлына қорғаныс мәселесіне қатысты екі сауал қойған еді.

arasha: Өзбекстан мен Түркия әскери келісімге қол қойды. Өткенде Қазақстанға Түрік вице-президенті келіп кеткені мәлім. Қазақстан мен Түркия арасында әскери келісім жасалуы мүмкін бе? Түркия неліктен Өзбекстанмен әскери келісімге келді?

Амангелді Құрметұлы
Амангелді Құрметұлы

 

Амангелді Құрметұлы: Негізі әскери ынтымақтастық дегеннің өзі өте кең ауқымды қамтиды. Сондықтан Өзбекстен мен Түркия арасындағы жасалған келісімді өз басым екі ел арасында бұрын жасалған әскери ынтымақтастық, қорғаныс өнеркәсібін дамыту бағытындағы келісімдердің жалғасы санаған болар едім.

Оның үстіне Өзбекстан мен Түркия қорғаныс министрлері қол қойған құжат «негіздемелік келісім» деп аталады. Яғни әлі де пысықталатын мәселелер бар дегенді білдіретін құжат. Сондықтан бұл құжатты Орталық Азияда әскери сала бойныша түбегейлі өзгеріс жасайтын келісім деп бағаламаймын. Керісінше осынау негіздемелік келісімнен гөрі 2020 жылы қол қойылған Өзбекстан мен Түркия арасындағы әскери қаржылай ынтымақтастық және ақшалай көмек туралы келісімді маңызды санар едім.

Сондықтан Ташкент пен Анкараның әскери саладағы ынтымақтастығын бұрын жоспарланған шаралардың қатарына жатқызамын. Рас, бауырлас елдердің әскери салаға көңіл бөле бастауына 2020 жылғы Қарабақ соғысы, 2021 жылы Ауғанстан билігіне «Талибан» қозғалысының келуі белгілі мөлшерде әсер еткен шығар. Бірақ бұл құжаттар әскери одақтастық деңгейінде емес. Тіпті Әзербайжан мен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық деңгейіне де жете алған жоқ.

Ал Түркия вице-президенті Фуат Октайдың Қазақстанға сарапына келсек, ол бірнеше саланы қамтиды. Соның ішінде әскери және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық мәселесі де бар. Меніңше, бұл барыс-келістер әскери саладағы ынтымақтастықты кеңейте беретін қадам. Әрі түріктер үшін белгілі мөлшерде жаңа нарық деп білемін. Өйткені Түркияның қорғаныс өнеркәсібі жақсы дамып келеді, олар сол үшін нарық іздейді.

Әрі бар-күш жігерін осы бағытқа жұмсауы мүмкін. Сондықтан масс-медиадағы мұндай ақпараттарды салқынқандылықпен қабылдаған дұрыс. Көбіне түрлі келісімдер жайлы ақпараттар тым дабырайтып көрсетіледі. Кейде назардан тыс қалады. Айлатық, 2019 жылы Қазақстанда еліміз бен Түркия арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Онда маман даярлау, бірлескен жаттығу өткізу, картография, гидрография, топогеодезиялық мәселелер, бітімгерлік, қорғаныс өнеркәсібі, әскери, ғылыми және техникалық зерттеулер тәрізді көптеген бағыт қамтылған. Әріге кетсек, екі елдің арасындағы әскери ынтымақтастық 1993 жылдың 8 тамызындағы келісімнен басталады. Бірақ содан бері ынытмақтастық белгілі бір мөлшерде дамып келеді, алайда еліміздің, тіпті тұтас Орталық Азияның қорғаныс қабілетін арттыратындай түбегейлі бетбұрыс жасаған жоқ. Рас, Түркиямен әскери одақтастық жайлы келісміге келуді қалайтын азаматтар қоғамда көп. Бірақ менің пайымдауымша, Орталық Азияда ондай келісім әзірге жасала қоймайды-ау.

arasha: Бүгін қорғаныс министрлігінде қауіпсіздік кеңесінің әскери қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Онда әскери доктринаны қайта қарау жөніндегі жұмыстың барысы қаралды. Әскери доктринаны қайта қарауда басты ескерілуі тиіс мәселелер қандай?


Амангелді Құрметұлы: Негізі Қазақстанның алғашқы төрт әскери доктринасына қарағанда 2017 жылғы доктрина мазмұндық тұрғыда сәл өзгеше еді. Бұрын тек РФ және ҚР деген сөзден ғана алмасып келетін ресейлік доктринканың көшірмесін пайдаланғандай күй кешетінбіз. Айырмашылығы – ресейлік құжатта Стратегиялық мақсаттағы зымыран әскеріне арналған арнайы бөлім болатын. Бізде ол жоқ еді. Бірақ 2017 жылғы доктроинада Қазақстан жағдайы ескеріле отырып енгізілген бірнеше бап пен ұғым болды. Кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті күрес қатарлы ұғымдар енгізілген еді. Жаңа доктринада бұл ұғымдардың мәні кеңейтіліп, мұндай сын-қатерге қарсы тұратын құрылымдардың жауапкершілігін арттыратын баптар енгізілетін шығар деп ойлаймын. Сонымен қатар қалай болғанда да жаңа доктрина қорғанысқа негізделуі тиіс. Әу бастан солай. Осы дәстүр жалғастырылағаны дұрыс. Дегенмен қорғанысты нығайту мәселесінде пысықтап алатын дүниелер жоқ емес. Сондықтан доктринаға зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру жайлы бап енгізілгенін қалаймын. Әрине, біз стратегиялық ЗҚЖ құра алмаймыз, ондай жүйе тек АҚШ пен Ресейде ғана бар. Бірақ тактикалық ЗҚЖ құруға болады. Соған көңіл аударылатын шығар деп отырмын.

Екіншіден, әскери логистиканы дамыту, «шекараның стратегиялық нүктелерін жабу әскері» аталатын ұғымға сай келетін мәселелер қарастырылса деп тілеймін. Яғни аймақтарды бөліп жармастан, барлық облыс орталықтарына армияның тұрақты бөлімдерін орналастыру қажет деп білемін. Әзірге бізде солтүстіктегі бірнеше облыста Ұлттық ұлан мен шекара бөлімдерінен басқа әскери құрылым жоқ. Сонымен қатар азаматтық қорғаныс жүйелерін жетілдіруге ықпал ететін баптар мен ұғымдар болса деп тілеймін. Ол жағынан мақтанарлықтай деңгейде емеспіз.

Әрине, бұл жерде құжатты «әскерилердің конституциясы» деп бағалауға болатынын ескеру керек. Онда жалпылама ұғымдар мен бағыттар қамтылады. Ал нақты дүниелер өзге нормативтік-құқықтық актлермен реттелуі тиіс. Дегенмен доктрина негізінде ер азаматтарды жиі әскери даярлықтан өткізетін тетіктер, ғарышқа әскери, соның ішінде барлау мақсатында қызмет ететін отандық жер серігін ұшыру мүмкіндігі қарастырылса деймін.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.