«Қазақстан» ұлттық арнасының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай қазақ еліне Ахмет Байтұрсыновты Кәрім Мәсімовтың көзімен таныстыратынын мәлімдеді.
Отандық сериал өндірісі туралы ұлттық арна басшысы «Айқын» газетіне сұхбат берді. Онда ел аумағында түсірілетін сериалдар туралы айтты.
«Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын Кәрім Мәсімовтың 2011 жылы осы атаумен шыққан кітабының желісінде түсірмекпіз. Сериал түсірілімін жоспарлағанда Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған зерттеу еңбектерін іздестірдік. Сүйенуге болатын, тақырыпқа сай жалғыз биографиялық еңбек осы болып шықты. Басына қандай іс түссе де, ешқашан әділет пен ар жолынан таймаған ұлы тұлғаның қайсарлығын көрсету аса жауапкершілікті талап етеді. Басты рөлді сомдайтын актер рөліне онлайн кастинг жарияланды. Қазір келіп түскен өтініштерді қарап жатырмыз. Режиссерлікке жас болса да, бір туындысымен-ақ өзін дәлелдеген Мұрат Есжанды бекіттік. Шығармашылық топ құрамында ақын Ұларбек Нұрғалым, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жас ғалым Ұшқын Сайдырахман бар. Ал Мұқағали Мақатаевты таңдап отырған себебіміз биыл ақынның туғанына 90 жыл толды. Жырлары танымал, алайда ғұмырының құпияға толы, жұмбақ болып қалған тұсы көп. Бұл жобаны осы саладағы тәжірибелі маман, актер ретінде де танымал Азамат Сатыбалдыға сеніп тапсырып отырмыз. Басты рөлді Азаматтың өзі сомдайды. Режиссері – «Полигон» сериалының авторы Ахат Ибраев», – деді Ләззат Танысбай.
Сонымен қатар, арна басшысы қазақ әйелдерінің, қазақ аналарының қайраткерлік қырын көрсететін «Домалақ ана» сериалы түсірілетіні туралы айтқан.
«Өткен жылғы «Әл-Фараби» сериалында бірлесе жұмыс атқарған Нұриддин Паттеев жоба жетекшілігіне бекітілді. Режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Домалақ ана бәріміздің ойымызда көркем образды бейне ретінде ғана қалыптасқан. Бүгінге дейін аңыз, абыз ананың өмірін шынайы оқиғалар арқылы көрсететін бірде-бір фильм не сериал түсірілмей келеді.
Жалпы, тарих бетінде таңбаланған деректердің көпшілікке, оның ішінде жастарға беймәлім, ашылмаған тұстары көп. Бұл – өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ зиялыларының бәріне тән десек болады. Жоғарыда аталған тұлғаларды таңдау себебіміз де – осы»,-деді Танысбай.