Астана әкімдігі мен Huawei компаниясы 50G PON технологиясын қолдана отырып, жоғары жылдамдықты 10G интернетті сынақтан өткізуге арналған пилоттық жобаны іске қосу туралы келісімге келді.
Құжаттарға қол қою рәсімі «Қытай – Орталық Азия» индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында өтті. Осындай оныншы буындағы желіні Huawei мен Қытайдың China Unicom операторы 2025 жылдың сәуірінде Хэбэй провинциясындағы Сюнъань ауданында іске қосқан болатын. Желі 50G PON жаңа технологиясы негізінде салынған, ол деректерді беру жылдамдығын айтарлықтай арттырады. Сынақтар барысында жүктеу жылдамдығы шамамен 10 Гбит/с, ал жіберу жылдамдығы – 1 Гбит/с болды. Сигнал кешігуі небәрі 3 миллисекундты құрады.
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 25,6 миллион ұялы байланыс қолданушысы тіркелген. Алайда кеңінен тарағанына қарамастан, байланыс пен интернет сапасына қатысты шағымдар әлі де көп. Астананың орталығында, атап айтқанда Министрліктер үйі маңында да мобильді интернет жиі үзіліспен жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап байланыс операторлары тарифтерді белсенді түрде көтере бастады, бұл тұрғындардың наразылығын тудырды – баға өсіп жатқанымен, сапа жақсармай отыр.
2022 жылдың соңында Цифрлық даму министрлігі 5G байланысына арналған жиіліктерді сатуға аукцион өткізді. Барлық лотты «Қазахтелеком» сатып алды. Бәсекелестікті қорғау агенттігі аукционды сынға алды – олардың пікірінше, тым жоғары талаптар мен жиіліктің ірі пакеттері басқа операторлардың саудаға қатысуына мүмкіндік бермеді.