09-01-18 |
16420 рет қаралған
Қазақ этносы құрамындағы қырғыз текті аталар.
Қазақ этносы құрамындағы қырғыз текті аталар

Қырғыз атауы Орталық Азия тарихына қатысты тарихи жазбаларда, соның ішінде байырғы түрік сына жазуларында ерте ортағасырлардан бастап кездеседі. 820-840 жылдары қырғыз тайпалары Үшінші Түрік, тарихнамада көбінесе Ұйғыр аталатын қағанатты шауып, Қарабалғасын атты астана қаласын тас-талқан қылғаны белгілі. Бұл кезеңді белгілі шығыстанушы  В.В.Бартольд «киргизское великодержавие» деп атады.  Бірақ негізні қоныстары Енисей өзені болған қырғыз тайпалары  бұл жаулап алу барысында Орталық Азияға үлгі шашқан үлкен өркениет ошағын құртқанымен, оның орнына қайтадан мемлекет тұрғыза алмады. Бұл жаугершілік Орталық Азияда «қырғыз қырғыны» деген атпен есте қалды. Саха халқы «кыргыс уйэтэ» атайды (век бойни, резни).

         Бұл кезеңде қырғыздар Орталық Азияның өзге де елдерімен тыңғыз араластықта болғаны болғаны «Манас» жырының ескі нұсқаларынан байқалады. Мәселен, осы жырда айтылатын Ер Қосай, Ер Көкше, Ер Үрбі, Ер Төстік қазақтың эпикалық дастандарының да басты қаһармандары екенін білеміз. Сонымен бірге  Ер Қосай мен Ер Көкше қазақ құрамындағы Уақ тайпасының атасы болса, Ер Үрбі Бағаналы-Найман ішіндегі Ақтаз аталатын елдің атасы.

         Біздің ойымызша, қазақ құрамындағы «ескі қырғыз» аталатын аталар осы кезеңнің нақты көрінісі.  Бұлар негізінен Арғын тайпалары мекендеген Орталық Қазақстанның Қызыларай, Бегазы, Ақтау, Атасу, Бұғылы сияқты өңірлерде қоныстанған. Академик Ә.Марғұлан бұл қырғыздар туралы «олар ХУІІІ ғасырда Абылаймен еріп барған қырғыздардан бүтіндей басқа. Арғыгға қосылған қырғыздар шерік, төйт (дөйт), құсшы, жүнді қырғыз деп аталады» дейді (Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы, 1985. -109 б.). Осы аталғандардан басқа Сарыарқа қырғыздарының арасында бәйті, естеке найман аталатын топтар да бар. Олармен бірге төлеңгіт-қырғыз атағымен қаши, қотыр, ханкелді, меркіт аталатын аталар да кездеседі. Бұл жерде біз студент кезіміздегі экспедициялық жазбаларымызды қолданып отырғандықтан, көзіқарақты оқырман өз білгенінше көмектесіп, бұл тізімді толықтырады деп сенеміз.

         Орталық Қазақстанның Қарқаралы өңірінде тым ерте замандарда келген «он жеті үй қырғыз», немесе «қырық үй қырғыз» туралы аңыздар кездеседі. Мысалы, «он жеті үй қырғыз» туралы әңгімені біз Боқты (Бақты) ауылының қарияларынан, ал «қырық үй қырғыз» туралы Қызыларайдан естіп едік.

         Шамамен Қазақ ханлдығы құрылар дәуірден бастап біздің халқымыз Алатау алқабына, Моғолстан өлкесіне Алтайдан көшіп келген қырғызбен тығыз аралсаа бастады. Негізінен бұл қырғыздардың келуіне себепші Моғолстан билеушілері болғанымен, ол мемлекет көп өмір сүрген жоқ, көршілік хақысы қазақта қалды. Сол себептен Моғолстан мемлекетінің Орталық Азимя сахнасынан кетуіне және моғол блеушілерінің Шығыс Түркістанға қоныс адуларуына байланысты Алатау алабына келген қырғыз рулары Қазақ  хандығының ықпалында болды.

         Қырғыздың атақты тарихшысы Белек Солтоноев «Қызыл қырғыз тарихы» атты кітабында әуел бастан қазақтың қырғызға қалқан болғаны айтылады: «Тарых боюнча 1510-жылы Касымхандын кыргызды каратпаса да калканч болгону көрүнөт. 1526-жылы анын Тайыр деген баласына кыргыздын карап турганын көрдүк» (Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарихы. – Бишкек, 2003. – 132-б.).

         Хақназар хан тұсында қазақтың үштік әкімшілік-территориялық басқару жүйесі құрылған уақытта қырғыздың біздің ішімізде жүргені осы кітаптан белгілі: «Тарыхка караганда XVI кылымдын аягында казактан Акназар деген кан чыгып, бир мамлекеттин сайасы жана жеринин ыңгайына карата кичи жүз, орто жүз, улуу жүз деп үч бөлгөн. Жүз термини арап сөзүндө болук деген сөз болуп, жүзи сөз жүз дегенге айланып кеткен. Демек улуу жүз — улуу жүз, орто жүз-орто жүз, кичи жүз-кичи жүз делип кетти. Ал заман да кыргыз (улуу жүз) улуу жүзгө кирген» ( Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарихы. Бишкек, 2003, 131 б.). Қырғыздың Көкем сияқты көсемдерін осыдан кейін біз Еңсегей бойлы Есім хан жанынан көреміз. Ш. Уәлиханов қазақтың ескі аңыздарына сүйене отырып қазақ-қырғыздың арасы сол уақытта аса жақын болғанын жазады: «С киргизами отношения в те времена были более дружны и миролюбивы. Ишим хан имел в своем распоряжении родоначальника бия Кукема, при помощи которого ему удалось низвергнуть Турсуна катаганского и чанчклинского. В память союза киргизов и казаков Ишим построил в Ташкенте башню, которая существуют до сих пор и называется «Көкемнің көк күмбезі».

         Есім ханның аты қырғыздың Қатаған руы аталатын руының шығу тегіне қатысты да аталады. Бұл аңыздар арқылы біз Есім және Тұрсын арасындағы соғыстардың бір жай жапсарына қанығамыз: «Түгелдүн малы эсеби жоқ көп болгон үчүн Түгөл көп малын айдап, көчүп, Сусамырды жайлатын, андан ары Олуя-Ата-Таласқа көчүп түштү. Олуя-Атанын қаны Эр Эшимкандын элине арашалшып, көшулуп конот». Есим хан мен қырғыздың байы Тугел осылайша танысса керек. Қалмаққа жорыққа дайындықтың кезінде Түгел бай Есім ханға Сарыпкула (Шапкула, Шарыпкула) атты белгілі жүйрікті сыйлайды: «Шапкуланын сөөгү туюк болду деп минип алып, өзүнүн элинен миң киши қол алып, жана катаган кан Турсун дегенден миң киши қол алып, элин кан Турсынга тапшырып, эки мын қол менен жөнөп кетет. Қалмаққа барып, мөрөйү үстүп болүп, олжо аттын кара капталынан болүп, үч жылы токтолүп, қалмакты сурап калат». Қалмақ жорығынан елге оралған Есім хан өзінің тас талқан болған ордасын көреді: «Олуя-Атаға барса кеткен карга жок, жан адам таппай, аң-таң болыпты…Эшимкан калмакка қол аттанып, үш жылга кечигип калганда, катаган кан Турсын Эшимкандын елин чаап алып, Олуя-Атадан суруп, кол башы тесейнне жана ар кайсы жактарга, Анжиян, Ташкенге жана казакка тентриретип жиберипти». Осылайша Есім мен Тұрсын арасындағы соғыс басталады және ол қатаған елінің түгел қырғын табуымен, Тұрсын ханның өлімімен аяқталады. Есім Тәшкенті алды, Тұрсын ханды өлтірді деген хабарды естіген Түгел бай өзінің ұлы Маңғытты сауға сұра деп Есімге жібереді. Хан болса Түгелдің қалмаққа жорық кезінде Сарыпқұла атты бергеніне, қатағанмен соғыста қолдағаны үшін риза болып Тұрсын ханның қыздарының бірін сыйға тартты-мыс: «Эми ошол кан Турсундүн кызынан туулган Мангыттың балдары…Сүйоркул батыр, Казыгул, Эсиркемиш, дегендерди тууган. Ошон үчүн, энелери Катаган кызы болгондуктан бул үчеенүн уругы Катаган деп аталып калды» (Қырғыздар: санжыра, тарых,мурас,салт. Т. 2, Бишкек,1993. 59 б. ).

         Бұл кезеңдерде екі елдің одақтас және бір тудың астында болуына байланысты екі ортада ауыс -түйіс болуы заңды деп есептейміз. Мысалы «Бахр ал – Асрар» шығармасында қазақ хандарының Шығыс Түркiстандағы саясатына кеңінен араласқаны  жөнiндегi  мәліметтер бар. Есiм хан Чалыш пен Тұрфанның билеушiсi (Шағатай тұқымы) Әбд ар – Рахымды қолдап және бiр уақытта осы қалаларды бiрге билеген. Шамамен 1616 жылы Шығыс Түркістан өлкесінде Шағатай хандарының нәсілдерімен Есім хан арасында одақ құрылды: «Сол уақытта Чалыштан шығып Абд ар – Рахым хан және Ташкенттен Есім сұлтан  Ақсуға аттанды. Шыңтемір оғлан деген жерде екеуi  бiр-бiрiмен кездестi… Осы жорық кезiнде Абд ар – Рахым хан Есім сұлтанның інісі Көшек ханның қызымен некелеседi, ал Есім сұлтан Абд ар – Рахымның қызымен некеге отырады. Осы саяхат кезiнде Сұбхан Кули, Бай қаласының хәкiмі қамалдан шығып, Әбд ар – Рахымның нөкерлерiне қосылды», -деп жазады Махмұд бен Әмiр Уәли. Яғни, осы уақытта қазақ руларының негiзгi топтары  Моғолстан өлкесiне жақын жерлерде болған болуы керек. Біздің ойымызша қырғыз эносның құрамындағы ішкілік (ішкі қырғыз) аталатын топ қазақ арасынан осы кезде қоныс аударуға байланысты болуы әбден мүмкін. Оның дәлелінің бірі Ә.Марғұлан атап көрсеткендей олардың ішінде «Манас» жырының таралмауы.

Шах Махмуд пен мырза Фазыл Чорастың «Тарих» деген шығармасында Жәңгiр ханның елшiлiгiнiң Шығыс Түркiстанға келгендегi жазылады : “Сол кезде Жаћангер ханнан елшi болып Шайх Хаванд Тахурдың (Шайхантау) ұрпағы Жүнiс қожа деген адам келдi. Мына жақтан Софы қожа жiберiлдi, ол қожа Сеиід Мұхаммед–халифтың ұлы,-Алла жар болсын. Жаћангер хан Софы қожамен бiрге өзiнiң ұлы Тәуке сұлтанды жiбердi. Хан (Абдолла хан-Моғолстан мен Шығыс Түркiстанның билеушiсi) оны  патшадай  сыйлап, онымен бiрге Қошқар бектi жiбердi. Жаћангер хан сол кезде, Құдай рахмат айласын, Ахунд Молла Иакуб пен Жан қожаның ұлы Вафа қожаны өлтiрдi.  Осыдан кейін Жәңгір Қошқар бекпен бірге өзінің үлкен ұлы Абақ сұлтанды жолға аттандырды. Ол Абдолла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға өзінің қарындасын ұзатып салды. Абдолла Абақ сұлтанды ерекше сыйлап, қымбат дүниелерді көп берді».

Осы сияқты деректерден Салқам Жәңгір ханның сыртқы саясаты Шығыс Түркістан аймағымен тығыз байланысты болғанын аңғарамыз.  Бұл біржағынан біртіндеп күш жинап келе жатқан Ойрат одағынан төнген қауіпке де байланысты болуы мүмкін. Салқам Жәңгірдің аты да көбінесе қазақ-қалмақ қарым –қатынастарына байланысты аталатыны да осы себепті, оның өлімі де 1652 жылы қырғыз еліне бағытталған қалмақ шабуылын тойтару кезінде болды. Бұл оқиға қалмақтың ауызша дәстүрінде нақты дәлелдермен баяндалады: «Ойраттың билеушілері арасынан хошоуыт Церен ханның жоңғардың Ердене Батыр қонтәжісінің қызынан туған Галдама нойондай өзінің ұрпақтрында керемет әдемі және ширақ естеліктер қалдырғаны жоқ. …Галдама 17 жасында әскери іске кілісті. Усун лу жылы қыста (ұлу жылы, яғни 1652 жыл)  Галдама әкесімен еріп қырғыз еліне жорық жасады және қырғыздр мен қазақтарға билік жүргізген және жоңғардың ерене Батыр қонтәжісі мен оның одақтасы күйеу баласы  Цецен ханның қас жауы Жәңгір ханды шаншып өлтірді… (Калмыцкие историко-литературные памятники в русском переводе.Элиста,1969.с.81-84). 

Қазақ арасына қырғыздардың мол қоныстанған уақыты Абылай заманы және екі ортада жаугершілік. 1770 жылғы шешуші шайқас Тұра өзенінің жанына басталып, Шату асуынан асып, Қызылсу мен Шәмсінің Шуға құяр сағасына дейін созылды. Осы сағада болған соңғы қанды шайқас «Жәйіл қырғыны» деген атақ алды. Қырғыз елі Қарабалта Соқылық асуынан бері аспайтын болды. Жәйіл деген адам Әтеке жырық деп аталатын манаптың қайын атасы соғыста бірнеше ұлымен бірге өлді. Қырғынның күштілігі сондай, кей ру жартысынан, кей ру үштен бірінен айрылды. Солты деген елдің Толқон деген руынан 40 адам қалыпты. Қырғыз топалаң тиген қойдай ұйлығып қырылып қалыпты. Сонда Әйтеке жырықтың алты баласы қолға түсіп, қайырып алуға жарамаған. Садыр бала басын саудамен әзер айырып алған. Қазақ шежіресінде: «Қырғыз бықпырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып, үркіп қашып беріпті де, қазақ көтінен қуып, Қарабалта, Соқылықтың асуына жеткенше талайын қырыпты. Сонда қырғыз: Әйтеке-жырық алты баласымен жолда қырғын тапқан екен. Сонан соң қырғыз жалынып жалпайып, бітімге келіп, Сәру деген бір тайпа елін қазаққа «ақ үйліге» берген екен. Қос басына бір үйлі қырғыздан үлесіп алысып: «Осы күнгі Арғын ішіндегі қырғыздар сол жолғы олжа болып үлеске түскендер»,- делінеді.

         Соғыстан кейiн қырғыздар Iленi тастап кеттi, қырғыздар Ыстық көл мен Шу арасына дейiнгi жердi, ал таудан Iлеге дейiнгi жердi қазақтар алды. Батырлар олжа үлескенде әр қосқа бiр ұй қырғыздан сыбаға алыпты. Көкшетауға көшiрiлiп әкелiнген қырғыздар атығай iшiне сiңiп, жаңа қырғыз, бай қырғыз делiнетiн аталарға бөлiнедi. Қазақстанның басқа өңірлерінде, мәслелен, қоңырат арасында,  осы кезеңде «ақ үйліге» келген қырғыздың шағын топтары «қырғызәлі» деп аталады. 1779 жылы 12 мың әскермен Абылай бастаған қазақ әскерi Алатауға соңғы жорық жасады. Бұл жолы ұлкен соғыс болған жоқ, қырғыздың Садық биден басқасы тұгел Абылайды мойындады. Қазақтар 15 отбасын, ылғи манаптардың туыс, бала-шағасынан, аманатқа алды: 5 – Абылайдың өзi, 3 – Бөкей Барақұлы, 3 – Болат Сәмекеұлы (түркiстандық), 2 – Әбiлпейiз, 2 – Тәуке Сәмекеұлы. Ұзақ жылдарға созылған қазақ-қырғыз арасындағы қақтығыстар негiзiнен осымен тиылды. XVIII ғ. соңына дейiн бiз екi арада iрi соғыстардың болғанын бiлмеймiз. Осыменен екі елдің арасында аталардың ауыс-түйісі де осы 1779 жылмен аяқталды деуге болады.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Тарих факультетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.