Қазақстанда жыл сайын 300 мың адам су тасқынынан зардап шегеді, ал елдің жалпы ішкі өнімі 3 млрд долларға дейін жоғалтады. Мұндай деректі Дүниежүзілік банк сарапшылары Алматыда «Табиғиапаттың қаржылық тәуекелдері» форумында айтты.
«Көктем сайын, 2011 жылы Көксарай су реттегішінің құрылысы аяқталғанға дейін Сырдариядағы су тасқынын жоюға Үкімет резервінен қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіруге және зардап шеккен тұрғындарға материалдық өтемақы төлеуге бірнеше миллиард теңге бөлінді. Қазір шағын бөгеттер салынып жатыр, гидроқұрылыстар жөнделуде. Бұл алдын алу шаралары бюджет ақшасын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл іс – әрекеттер тек шығынды төмендетіп қана қоймай, адамдардың өмірін қорғайды», – деді Алматы Төтенше жағдайлар және зілзала қауіп-қатерін азайту орталығының директоры Валерий Петров.
Жыл сайын Орталық Азияда ауқымды қирауға себеп болатын су тасқыны салдарынан болатын шығын аймақтың ЖІӨ-ң 6% құрайды.
Еске салсақ, кеше ғана Шығыс Қазақстанда 100-дей елдімекенді су алып кетуі мүмкін деген ақпарат таратқанбыз.