arasha.kz

«Қазақстанның 100 жаңа есімі». Асан Жолдасов: «19 жасымда өз мектебімді аштым»

Фото: instagram.com/assan_zholdassov

Фото: instagram.com/assan_zholdassov

10 жылда 10 мың баланың математикаға махаббатын оятқан «Пифагор» компаниялар тобының жетекшісі Асан Жолдасов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жетістікке жету жолын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарын жариялауға арналған салтанатты шарада Асан Жолдасов оқушы кезінен-ақ математикадан республикалық, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын айтты. «Ал мектеп бітіргеннен кейін балаларға математиканы үйрете бастаған. 19 жасымда өз мектебімді аштым. Сол уақытта, балаларды оқытқан кезде ең бастысы оларға математикаға деген сүйіспеншілікті оята білу екендігін түсіндім. Содан бері оқытудың арнайы әдістемесін жасап, жылдан-жылға дамыта түстім. Қазір «Пифагор» үлкен компанияға айналды. Алматы, Астана және Тараз қаласындағы мектептерімізде 136 мұғалім жұмыс істейді, 1500 талантты бала білім алып жатыр. Олар сабақтан шыға салысымен  есептер шығару үшін, бір-бірімен бәсекелесу үшін бізге асығады. Есептерді шығарып шынайы қуанады», – деді Асан Жолдасов.

Оның айтуынша, соңғы алты жыл бой Қазақстанның оқушылар құрамасының жартысына жуығын «Пифагор»  мектептерінде білім алған балалар құрайды.

«Математик ретінде цифрларды жақсы көремін. Мақтан тұтатын цифрларым да бар.  Білім саласында жұмыс істеген 10 жылдың ішінде 10 мың баланы тәрбиеледім. Олар бүкіл әлемде білім алып жүр, Фейсбукте, Гуглде өз компанияларын құруда. Олардың мыңы республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Олар 300 рет халықаралық олимпиадаларда алтын медаль алып, математикадан әлемде мықты екендігімізді дәлелдеді», – деді ол.

Айта кетейік, осы уақытта Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезең жеңімпаздарымен кездесуі өтіп жатыр. Екінші кезеңге 2388 өтінім түсіп, онлайн дауыс берудің нәтижесінде 29 адам жеңімпаз атанды.

Дереккөз: inform.kz

Exit mobile version