«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында Euroclear жүйесі арқылы теңгемен еврооблигациялар шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің отырысында еліміздің Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты.
«2018 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік борыш 13,5 трлн теңгені (40,6 млрд АҚШ доллары) немесе жалпы ішкі өнімнің 26 пайызын құрады. 2017 жылы бюджетке борыштық жүктеме кірістердің 15 пайыз лимитінде 8,8 деңгейінде қалыптасты», – деді министр.
Оның айтуынша, валюталық тәуекелдерді нивелирлеу мақсатында 2016-2017 жылдары мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару ішкі нарықта ғана жүзеге асырылды. Сондай-ақ 2016 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017-2019 жылдарға арналған сыртқы қарыз алу қоржыны оңтайландырылды.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасында Euroclear жүйесі арқылы теңгемен еврооблигациялар шығару жоспарланған. Қарыз алу көздерін әртараптандыру мақсатында сондай-ақ, ислам облигациялары сукукты шығару да жоспарда бар», – деді Бақыт Сұлтанов.
Сондай-ақ, жиында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның мемлекеттік қарыздар деңгейі ерекше бақылауға алынатындығын атап өтті.
Дереккөз: ult.kz