arasha.kz

Бүгінгі жемқорлық Қонаевтың кезінде басталған

Советтік басшы Никита Хрущев Павлодар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, тың игеру кезінде Қазақстанға келіп қалған Семен Елагинді көзбояушылығы үшін қызметінен босатты. Хрущев биліктен кеткенде әлгінің жұлдызы қайта жарқырады. Семен Елагин биік мансаптарда: облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, сосын төрағасы, ҚКП ОК-нің мүшесі, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты және төралқасының мүшесі болды.

Кез-келген реті келген сәтте ол Леонид Брежневпен дос екенін ашық айтатын. Бірақ, осы шенеуніктің облыстық атқару комитеті күрделі құрылыс басқармасының бастығы Кошкинмен сөз байласып, пәтер сатумен айналысатыны белгілі болды. Және де өте көп мөлшерде пәтер сату оқиғасы-тұғын.

Сот кезінде екі жүз пәтерді сатқандары анықталады. Бірақ, шын мәнінде сатылған пәтерлердің саны мұнымен де бітпес еді, өйткені, көп адам сатып алған пәтерін қайтаруға тура келе ме деген қорқынышпен жасырып қалған. Пәтердің құжатын рәсімдеу тек облыстық атқару комитетінде жасалады, ол бір өзі әрі қожайын, әрі өкім етуші, үлестіруші болған.

Жеме-жемге келгенде Кошкин сотталып, ату жазасына кесіледі, артынан өлім жазасы 15 жыл түрмеде отыру жазасына ауыстырылады. Ал, Семен Елагиннің мұрты да қисаймайды. Депутат болып қала береді, жайбарақат Мәскеуге кетіп, сол жақта тамаша бір табысты қызметке орналасады.

Осы жанжалды істің тергелуі кезінде Дінмұхамед Қонаев насихатшылардың шағын тобымен әңгіме өткізеді. Ол қаланы кезіп жүрген нешетүрлі қауесеттің жолын бірден кесіп тастау керектігін айтады. «Әлдебір Кошкинді айтып, шулатып жатыр, онда бар-жоғы жиырма пәтер сатылған». Біз, әрине, бұл сөзге таңғалдық, өйткені тіпті, екі пәтер болса да қылмыстың аты қылмыс қой.

Республика заңгерлерінің кеңесінде Кошкиннің ісі ұзаққа созылып кеткендігін айтып, «өсек-аяң, сыпсың сөз тоқтау үшін тезірек аяқтағандарың дұрыс болар еді» деп Қонаев кейістік білдіреді.

Леонид Брежневпен дос болып, отбасыларымен араласқан ерлі-зайыпты Николаевтар Брежневтің артынан Молдавиядан Мәскеуге, ол жақтан Алматыға еріп жүрді. Брежнев мұнда Николаевты Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Брежнев Мәскеуге кетіп еді, Николаев та бірге кетті.

Бірақ, ол жақтан Николаевты қылмыскер ретінде қолына кісен салып алып келді. Мемлекеттік жоспарлау органының материалды-техникалық жабдықтау басқармасы бастығының атымен «Познанскийдің ісі» деп аталып кеткен үлкен сот процесі басталды. Бұл істің кейіпкерлерінің бірі Николаев болып шықты. Дінмұхамед Қонаевтың да, Леонид Брежневтің де оның сөзін сөйлеуге дәті бармады, олар Никита Хрущевтан қорықты. Николаев төрт не бес жылға түрмеге кетті.

Оны сот шешімімен мерзімінен бұрын босатуға әрекет жасалды. Қонаев шетелде іссапармен жүргенде оның жиені, облыстық сот төрағасы болып қызмет ететін Тоқтамыс Беделбаев Николаевтың науқастануына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарайды. Бостандық ала салысымен Николаев Мәскеуге ұшады.

Іле-шала Мәскеуге Николаевтың мерзімінен бұрын заңсыз босатылғаны туралы жеделхат та жөнелтіледі. Шу шығып, біреулерге зияным тиіп кетер деп ойлаған Николаев қалған жазасын өтеу үшін жылдам кері қайтады. ОК-тің екінші хатшысы Родионов «саған Николаевтың еш қатысы жоқ, ол саған керек емес, шыныңды айт, кімнің өтінішін орындадың» деп Тоқтамыс Беделбаевты қысады.

Бірақ, Тоқтамыс Беделбаев, әрине, кімнің өтініші екенін айтпайды. Сол үшін қызметінен босатылып, партиядан шығарылды. Биліктен Хрущев кете салысымен ол бұрынғы жоғалтқанының барлығын қайтарып алады. Оның соңғы құрметті де беделді қызметі – Алматы облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағалығы болды.

2009 жылы Азаттық радиосының сайтына жарияланған Мадат Ақкөзиннің Д. Қонаев туралы мақаласынан үзінді.

Exit mobile version