Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік қызметкерлер санын 25 процентке қысқартамыз деген болатын. Бірақ іс жүзінде жаңа министрліктер мен мемлекеттік органдар құрылып жатыр.
9 қыркүйекте мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрлігін, стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік пен бәсекені дамыту және қорғау агенттігін құру жөніндегі жарлыққа қол қойды.
Төтенше жағдайлар министрлігіне ІІМ-нің (төтенше жағдайлардың алдын алу және жою), индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (өндіріс қауіпсіздігі саласы саясатын жасау) және ұлттық экономика министрлігінің (мемлекеттік материалдық резервті жасау) бірқатар құрылымы қарайтын болады. Бұдан бөлек стратегиялық жоспарлау және реформалау бойынша жаңа агенттік құрылды. Ал ұлттық экономика министрлігіндегі бәсекелестік қорғау және монополияны шектеу саласындағы құзыреттер жаңа бәсекені қорғау және дамыту агенттігіне беріледі. Бұл екі ведомство тікелей президентке бағынбақ.