13-12-24 |
490 рет қаралған
«Болашақтың қаласы» атты мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық республикалық байқау өз мәресіне жетті.
«Болашақтың қаласы» атты мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық республикалық байқау өз мәресіне жетті

2024 жылдың 12 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің «Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика» кафедрасы ұйымдастырған мектеп оқушылары арасындағы шығармашылық республикалық байқаудың марапаттау салтанаты өткізілді.

Бұл іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 11-мақсаты – «Қалалар мен елді мекендердің ашықтығын, қауіпсіздігін, өміршеңдігін және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету» аясында және университеттің 90-жылдық мерейтойы қарсаңында өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – жас ұрпақтың өз елінің тарихына, мәдениетіне қызығушылығын арттыру, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қиялын дамыту, рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру. Сонымен қатар, байқау өскелең ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын тәрбиелеуге бағытталған.

Байқауға еліміздің түрлі аймақтарынан, соның ішінде Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар, Алматы облыстары, сондай-ақ Орал, Талдықорған, Шардара, Кентау, Шымкент, Талғар, Астана, Алматы, Ақтау және Қаратау қалаларынан 200-ден астам шығармашылық жұмыс ұсынылды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең 2024 жылдың 21 қарашасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде өткізілді. Осы кезеңнің нәтижесінде кейбір шығармашылық жұмыстар екінші кезеңге өтті. Екінші кезең 2024 жылдың 28 қарашасында Фараби кітапханасының холында ұйымдастырылып, онлайн дауыс беру арқылы жеңімпаздар анықталды.

Байқау барысында ең үздік жұмыстар бес түрлі номинация бойынша марапатталды: Ең керемет суретші (бірінші кезеңде); Ең әдемі қалашық көрінісі;  Үздік сурет;  Көрермендер көзайымы;  Көрермендер таңдауы.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушыларды құттықтау үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, философия докторы PhD Саида Эргашевна Асанова және Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Рима Еренатовна Джансараева сөз сөйлеп, жеңімпаздарды марапаттады.

Алматы және жақын маңдағы мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары марапаттау салтанатына қатысып, балаларының жетістіктеріне зор қуаныштарын білдірді. Онлайн форматта қатысқан оқушыларға дипломдар электрондық пошта арқылы жіберілді. Қатысушылар мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, университет пен кафедра ұжымына ерекше ықыластарын айтты. Байқаудың барлық жеңімпаздарына кафедра доценті заң ғылымдарының кандидаты Н.С. Темірболат жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық жетістіктері үшін құттықтады.

Байқау ұйымдастырушылары барлық қатысушыларға алғыстарын айтып, болашақта шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілей отырып, осы түрдегі іс-шаралардың жас ұрпақтың азаматтық және шығармашылық дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Н.С. Темірболат, С.Ш. Даубасова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.