21-09-20 |
1870 рет қаралған
Цой өзін мақтайтын орыс тілді блогерлермен кездесті.
Цой өзін мақтайтын орыс тілді блогерлермен кездесті

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың бір топ орыс тілді блогерлермен кездесуі қызу талқыланып жатыр. Министрдің журналистерден қашқақтап жүріп, блогерлермен емен-жарқын кездесуі жайлы Telegram-дағы rasaitam каналы шағын зерттеу материал жариялады.

Бағдат Қожахметов денсаулық сақтау министрлігіне ресми өкіл болып келгелі бері министр Алексей Цой бифингіге шығуды қойып, тілшілерге өзін мүлде ұстатпай кетті. Тілшілер қауымы оның орнына брифинг беретін штаттан тыс ресми өкіл Бағдат Қожахметовтен Цойдың қайда кеткенін қайта-қайта сұраумен жүр.
Қожахметов министрлікке келе салысымен медиа орталық құрып, бір топ пиар маманын жинап алса да, медициналық білімі мен білігі жоқ болғандықтан, журналистердің ковид, пневмония, дәрі-дәрмек тапшылығы туралы сұрақтарына жауап бере алмайды. Сұрақтары жауапсыз қалған тілшілер өткен брифингіде тағы да Қожахметовтен Цойдың брифингіде неге төбе көрсетпейтінін сұрады. Қожахметовтің айтуынша, Цойдың бір минут бос уақыты жоқ, мұрнынан шаншылып жүрген министр 30 қыркүйекке дейін журналистерге шыға алмайтын көрінеді.
Бірақ журналистерге келгенде жұмысына қадалып, онлайн брифингіге уақыт таппайтын Цой блогермен көзбе-көз кездесіп, көсіліп сұхбат берген. Тіпті Бейбіт Әлібеков бастаған блогерлерге сұхбат беру үшін Цой астанадан ұшып келіпті. “Цой менімен өз жерімде кездесуге келісті” деп жазды Б.Әлібеков. Сөйтсек, министр блогерлермен Б.Әлібековтің Esentai City-дегі кафесінде кездесіпті.
Цой Б.Әлібековтен басқа блогерлер Шолпан Али, Жанна Ильичева, депутат Қайрат Құдайберген мен тағы басқа төрт адаммен кездескен. Кездесуден шыққан Б.Әлібеков әлеуметтік желіге Цоймен селфилеткен суретін мақтана салып, министрден кәсіпкерлер жұмыс істей алуы үшін карантинді әлсіретуді сұрағанын жеткізді.
Басқа блогерлер де қалыспай Цоймен кездесуден есептерін жариялап жатты. Шолпан Али кездесуден шыға салысымен министрдің не дегенін тізбесе де, Бейбіт Әлібеков кафесінің жайлылығы мен асына тамсанған пост жариялады. Жанна Ильичева кафедегі жеке отырған суретін жариялап, Шолпан Алидің постының астына өзі жеген крок-мадамның суретін салыпты.
Цоймен кездесуден шыққан соң министр не дегеннен гөрі кафе мен тамақ туралы көбірек жазып кеткен блогерлер әйтеуір сөз арасында министрдің “жақсы, интеллигентті, қарапайым адам” екенін жазуды ұмытпапты. Мұны жазбаса, тіпті ыңғайсыз болғандай екен. Өйткені журналистерге онлайн шығуға уақыт таппай жүрген министр осы блогерлермен оффлайн кездесу үшін сонау астанадан арнайы келді ғой. Осыны түсінді ме, әйтеуір Шолпан Али кездеудің ертесі күні ғана Цоймен сұхбатта қозғалған мәселелерді жазып шығыпты.
Айтпақшы, министрдің астаналық блогерлермен де арасы жақсы. Олардың арасында Мұрат Әбенов, Ерлан Саиров пен “министрдің тәулігіне 3-4 сағат қана ұйықтайтынын” білетін Ғалым Байтук бар. Дәл осы Байтук министр небәрі 20 адамдық командамен ахуалды тұрақтандыра алды дегені бар.
Команда демекші, Цой министрлікке командасын жинап алды. Айжан Есмағамбетованың орнына бас санитар дәрігер әрі вице-министр болып тағайындалған Ерлан Қиясов Алексей Цоймен бірге ҚР президенті іс басқармасының медициналық орталығында жұмыс істеген. Оның тағы бір орынбасары Ажар Ғиният А.Цой президент іс басқамасының медициналық орталығында жетекші болғанда оған орынбасар болған. Вице-министр Людмила Бюрабекова да сол медициналық орталықта 2015-2017 жылдары жұмыс істеген.
А.Цой мен оның министрлігі вирустың екінші толқынына дайындықты команданы жаңарту мен блогерлермен достасудан бастағандай.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.