arasha.kz

Сәуір мен маусында індет жұқтырғандар 400 мыңға жуықтайды

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы коронавирустың таралуына қатысты үш болжамды жариялады. Министр мәліметінше, наурызда да өлім-жітімнің саны өскен.

«Жалпы республика бойынша биыл наурыз-сәуір айларында аурудың нақты болжамы тура келді. Соңғы 10 күнде республикада КВИ жұқтырған 15 156 адам тіркелді, наурыздың басымен салыстырғанда сырқаттану деңгейі 2,0 есе өсті. Әсіресе, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарында науқастар көбейді», – деді Цой президенттің төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл шараларына арналған кеңесте.

Оның айтуынша, республика аумағында анықталған мутацияланған штаммдарды ескере отырып, эпидемиологиялық жағдайдың болжамы жаңартылды. Осылайша, пессимистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында індетті жұқтырған шамамен 370 мың адам тіркеледі. Сол кезде ауруханаға 190 мың адамды жатқызуға тура келеді.  

«Екінші реалистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 250 мың адамды құрайды, ауруханаға 127 мың адамды жатқызуға тура келеді. Ал оптимистік сценарий бойынша 2021 жылдың сәуір-маусымында тіркелген жағдайлардың саны шамамен 140 мың адамды құрайды, ауруханаға 71 мың адамды жатқызу қажет болады», – деп атап өтті Цой.

Ресми мәліметке сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсету үшін 25 893 төсек-орын бар. 258 инфекциялық стационардың барлығын қосқанда төсек-орынның 33 проценті бос емес, ол жерде науқастар емделіп жатыр.

«Наурызда да өлім-жітім өскені байқалады, КВИ-ден 288 науқас қайтыс болды, оның ішінде соңғы 2 аптада өлім-жітім 2,7 есе өсті. Наурыз айындағы өлім-жітімнің 74 проценті  4 өңірде – Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында болған», – дейді Цой.

Ал өңірлерде инфекциялық орын резерві 51 мың төсекті құрайды. Қазіргі инфекциялық стационарлардың жүктемесі 70 процентке жеткенде резервтік нысандар іске қосылады.

Exit mobile version