Қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасы қоғамды дүр сілкіндіргені рас. Бүгінде Денистің атында қор құрылып, биыл 7 қараша күні спортшы тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды. Келесі жылы, көктемде оған ескерткіш қойылады деп жоспарланып отыр. Ал 9 қарашада Алматыда Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Денис Тенге «Қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі үшін» медалін берді. Медаль мәнерлеп сырғанаушының әкесіне табысталған. Алайда министрдің ісі қоғам тарапынан сынға ұшыраған еді.
Осы мәселеге орай пікір айтқан тәуелсіз саясаткер Әміржан Қосанов Қасымовтың әрекетін қисынсыз бастама деп санайтындығын айтады.
- Сезікті секіреді – Денистің тапа тал түсте, үлкен қаланың қақ ортасында бұзақылардың қолынан қаза тапқанына министрлік өзінің де кінәсі бар екенін сезіп отырғандай. Қыршын кеткен ұлының қазасына қатты қайғырып, көз жасы әлі кеппеген отбасына дәл осы құқық қорғау саласына қатысты медаль сыйлауға бола ма?» -дейді Ә. Қосанов.
Ал саясаттанушы Айдос Сарым министрдің әрекеті моральдық тұрғыда адамгершілікке жатпайтын іс деп сынады.
- Денистің өліміне қатысты үлкен әңгімелер айтылды, туыстары да айтты. Сосын Денис Тенді өлтірді деген адамдардың соты не болды деген сұрақ бар. Қылмыскерлер ұсталды ма, ұсталмады ма? Айыпталғандар расымен де қылмыскер ме, жоқ па? Және Денистің өліміне себепші болған жағдаяттардың біреуі де өзгерген жоқ: ұрлық әлі де жасалып жатыр, сол әйнектер сатылып жатыр. Дәл осындай жағдайда медаль табыстау менің ойымша, дұрыс емес», -деді Айдос Сарым.
Ал ішкі істер министрінің өзі медаль Денис Теннің ерлік көрсеткені үшін берілді деп түсіндірген еді. «Бұл мен сыйлай алатын ең жоғары марапат. Біз мұндай медальді өз міндеттерін атқарып, ерлік көрсеткен қызметкерлерімізге береміз. Денис Тен қылмыстың жасалуына кедергі келтірді, ерлік көрсетті. Сондықтан менің бұйрығыммен оған медаль берілді», -деген еді Қ. Қасымов журналистерге 12 қараша күні.
Денис Теннің есімін ұлықтау мақсатында түрлі ұсыныстар да айтылып келеді. Мәселен, Астана мен Алматы қалаларындағы спорт сарайларына Денис Теннің атын беру туралы да бастамалар бар. Солардың бірі Дениске «Халық қаhарманы» атағын беру керек деген ұсыныс шілде айында Алматыда өткен қалалық қоғамдық кеңес отырысында айтылған.
«Денис Тенге «Халық қаhарманы» атағын беруді ұсынамын. Шын мәнінде, ол полицейлер істеуі тиіс әрекетті жасады – қылмыскерлерді ұстады. Ол өзін қорғады, әділдік үшін күресті, ереже бұзушыларды тоқтатуға тырысты. Сол себепті де қайтыс болды. Сондықтан оған бірінші кезекте қолдан келетіні – «Халық қаhарманы» атағын беру», – деген еді алматылық тұрғын Әлнұр Ильяшев. Бұл бастаманы Алматы қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов та қолдаған.
Ал саясаттанушы Айдос Сарым Денистің атына спорт кешені берілуін қолдағанымен, Денис Теннің атын оның ізін жалғап келе жатқан спортшыларды қолдау арқылы сақтап тұру керектігін айтады.
- Денис Теннің өз атағы өзіне толығымен жетіп жатыр. Ол әлемдік деңгейге шыққан үлкен спортшы. Оның атында спорт кешені болуы керек ұсыныс меніңше, дұрыс. Ал «Халық қаһарманы» атағын берудің қажеті жоқ. Кейде эмоциямен айтылатын ұсыныстар болады. Ең бастысы, бұл спорт түрі Қазақстанда өлмесе, Денистің артынан ізбасарлары шығып жатса, жыл сайын қысқы спорт түрлерінен жарыстар өтсе, ең үлкен атақ – сол. Денистің атында халықаралық немесе ел арасында мәнерлеп сырғанаудан жарыстар өткізіп спортшының атын сол шаралармен ұлықтаған жөн, – дейді Айдос Сарым.
Ал Әміржан Қосанов «Әрине, жас бола тұрып, әлемдік деңгейде спорттық жеңістерге жетіп, Қазақстанды төрткүл дүниеге паш еткен Денис кез келген атақ пен марапатқа лайық» дей келіп:
- «Халық қаһарманы» секілді ең биік атаққа қатысты ерекше ескеретін екі жайт бар. Біріншіден, бүгінде ол атақтың қадірі кете бестаған сыңайлы: қызмет бабы мен билікке жақындық факторлары үстемдік етіп жатыр. Кейде ол атақты жасы келген адамдарға бере салатын сияқты көрінеді. Екіншіден, Денис секілді табыстарға жетіп, өмірден ерте кеткен басқа да спортшыларымыз бар, арамызда жүр. Ол жағын да ескеру керек…», -дейді Әміржан Қосанов.
Еске салсақ, қазақстандық әйгілі спортшы Денис Тен биыл 19 шілдеде кісі қолынан қаза тапқан болатын. Құқық қорғау органдарының хабарламасында Денис Теннің көлігінің айнасын ұрылар алып жатқанда спортшы қылмыстың үстінен түсіп, қарсылық білдірген. Сол кезде қылмыскерлер оның аяғына пышақ ұрған. Сол жарақаттың салдарынан спортшы көп мөлшерде қан жоғалтып, қайтыс болды делінген еді. Спортшының қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғандығы жайлы хабарланған. Алайда тергеу ісінің қалай жүріп жатқандығы беймәлім. Д. Теннің қазасынан кейін қоғамның бір бөлігі – көптеген адамдар министр Қалмұханбет Қасымовтың қызметінен кетуін талап еткен болатын. Министр қызметінен кеткен жоқ. Қыркүйек айында болған баспасөз мәслихаты кезінде Қ. Қасымов: «Біз әскери адамбыз. Президент, үкімет не айтса соны істейміз, қайда жіберсе сонда барамыз», -деп қызметінен кету туралы қоғам талабына пікір білдірген еді.